Алдағы жексенбі күні Түркияда жергілікті басқарушы органдардың сайлауы өтеді. Шағын ауыл-аудандардан бастап үлкен мегаполистерге дейінгі барлық деңгейдегі әкімдер мен губернаторлар сайланады. Қазір саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр.
Байрам Авунч Стамбұл қаласындағы Йенимахалле шағын ауданы әкімі лауазымына кандидат. Өзін-өзі ұсынған. Егер әкім болсам алдымен әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлемін дейді.
Байрам Авунч, әкімдікке үміткер:
Әкім болып сайлансам қарияларымызға, жастарымызға арналған демалыс орындарын көбейтемін деген жоспарым бар. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жәрдем түрлерін арттырамын. Бұдан бөлек ауданымыздағы инфрақұрылымды жаңарту және жолдарды жөндеу бойынша да нақты жобаларым бар.
Түркияда әкімдер сайлауы 5 жылда бір өтеді. Ең қызу талас әрине үлкен мегаполистер үшін болады. 2019 жылғы сайлауда ең ірі 4 қалада оппозициялық партия өкілдері жеңіске жеткен еді. Биылғы сайлауда биліктегі «Әділет және даму» партиясы қайтсек те үлкен қалаларды аламыз деп отыр.
Чигдем Курам, «Әділет және даму» партиясының өкілі:
Біз өте мықты лидердің командасымыз. Сондықтан осы сайлауда жеңіске жетіп, керемет жобаларды жүзеге асырамыз. Атап айтқанда жер сілкінісіне шыдамды үйлер салып, ескі үйлерді нығайтамыз. Халық тығыз қоныстанған аудандарда балабақшалар санын арттырып, жабық автотұрақтарды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсат халықтың күрмеулі мәселелерін шешу.
Жалпы Түркияда қай сайлау болса да өте тартысты өтеді. Халықтың басым бөлігі саяси сауатты. Әркім өз партиясына адал. Содан да болар кандидаттар өтірік уәдені үйіп-төкпей нақты жасалатын бағдарламалар ұсынады.
Селим Йылдырым, Стамбұл қаласының тұрғыны:
Өзіміздің сүйікті Стамбұл қаласының көркейіп, атына заты сай ең әдемі қала болуы үшін сайлауға барамын. Ешқашан сайлаудан қалып көрген емеспін. Себебі қаламыздың, еліміздің болашағына бей-жай қарай алмаймын.
Әкімдер сайлауына 34 партия кандидат ұсынған. Дегенмен үлкен қалаларда негізгі бәсеке биліктегі «Әділет және даму» партиясы мен оппозициялық Республикашылар партиясы арасында болмақ. Түркияның заңнамасына сәйкес, сайлау күні барлық ойын-сауық орындары мен спирттік ішімдік сататын жерлер жабық тұрады. Сондай-ақ, кешкі сағат алтыға дейін көпшілік жиналатын үйлену тойы, туған күн сияқты шаралар өткізуге де тыйым салынған.
Айдос Әшімұлы