Абай облысындағы Аягөз қаласында қардың күрт еруіне байланысты Кіші Аягөз өзенінде су деңгейі көтерілген. Салдарынан Шәкенов және Желтоқсан көшелерінің бойында орналасқан үйлерге қауіп төнген. Жергілікті атқарушы органдар өзен арнасын бекітіп, бөгеттер тұрғызды. Қазір үйлерді су басу қауіпі сейілді. Қауіпті аймаққа 400 тоннаға жуық инертті материал жеткізілді.
Ал Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты бірнеше елдімекенде 12 үй мен 20 ауланы еріген қар суы басты. Төтенше жағдай қызметі сорғылар мен мотопомпалар қойып, құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ, Жангелдин ауданындағы Шұбалаң-Ақкөл бағытындағы көтерме жолды жеті жерден ағын су басқан. Бірақ қозғалыс әзір тоқтаған жоқ, көліктер жүріп жатыр. Бұл туралы жергілікті тұрғындар хабарлады. Ал әкімдік тарапынан әзір ресми ақпарат жоқ. Облыстық ТЖД-нің мәліметінше, Қостанай өңіріне Қызылорда және Қарағанды облыстарының төтенше жағдай қызметкерлері көмекке бармақшы.
Ержан Жақып