Биыл Франция төрінде алауы жағылатын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы қазір 26 лицензия еншілеп отыр. Ел қоржынында әзірге спорттың 9 түрі бойынша жолдама бар.
Атап айтар болсақ, бокстан – 7, нысана көздеуден – 5, садақ атудан – 4, тасжолдағы велоспорттан – 3, заманауи бессайыстан – 2, таеквандодан да 2, грек-рим күресі, еркін күрес және спорттық гимнастикадан бір-бір лицензия.
Ал Паралимпиада ойындарында өнер көрсететін пара атлеттеріміз бүгінде 11 жолдамаға қол жеткізген. Олардың ішінде жекелей сындар бойынша пара пауэрлифтинг, пара каноэ, пара жеңіл атлетика, пара нысана көздеуден бір-біреуден, ал пара таеквондо мен пара жүзуден үш-үштен лицензия қалтада. Париждегі дүбірлі додада сондай-ақ отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамамыз да өнер көрсетеді.