Ақмола облысында 127 елді мекенді су басу қаупі бар. Әсіресе, Сандықтау, Атбасар, Астрахан, Целиноград, Аршалы аудандарында жағдай күрделі. Қазір қауіпті аумақтарда апаттың алдын алу жұмыстары басталған. Биыл оған қазынадан 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға көп. Аймақтағы ахуалды әріптесім Ұмсындық Наурызбаева жеткізеді.
Бұл Сандықтау ауданы. Осыдан бірнеше жыл бұрын. Қарғын су ауылдарға кіріп, жұртты біраз әбігерге салған еді. Сол табиғи апаттан алпысты алқымдаған Алма Біләлова да зардап шекті. Қорадағы малы өлді. Тізеден келетін су үйге жайылды. Зейнеткер биыл да қауіптен сескеніп отыр.
Алма Біләлова, Балкашино ауылының тұрғыны:
Әр көктемді ылғи қорқынышпен қарсы аламыз. Осы наурыз, сәуір айларында біз қорқамыз. Өйткені, мынау Жабай өзенінен біз алыс тұрмаймыз. Бізге жақын. Сондықтан қорқыныш әрдайым болады.
Су басу қаупі жоғары аудандарда апаттың алдын алу жұмыстары басталды. Облыс бойынша бір жарым мың текше метр қар шығарылды. Қауіпті аймақтарға бөгет салынып, 100 мың тоннадай инертті материал, 300 тоннадан астам жанар-жағармай мен 100 мыңға жуық құм салынған қап дайындалды. Дегенмен...
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Облыстағы 90 гидротехникалық нысанның 31-і әбден тозып тұр. Көбі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Жылдар бойы жөндеу де көрмепті. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отырмыз десе де, қауіп бар.
Мамандар гидротехникалық нысандарды жыл он екі ай бақылайды. Арнайы комиссия келіп, тексеру жүргізеді. Арнасын тазартып, нығайтады. Алайда, мұнымен мәселе шешілмейді. Биыл қардың қалың түскені де жағдайды ушықтырып тұр.
Асхат Әкілжанов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Су тасқынына дайындық кезеңінде біз сараптама жасаймыз. Барлығын комиссия тексереді. «Казгидромет» мамандарымен де ақылдасамыз. Яғни, барлық қауіп ескеріледі. Осы жылы табиғи апатқа қарсы жұмыстарға миллиардтаған қаржы бөліну себебі де сол. Сәйкесінше дайындалған арнайы құрылғылар мен материалдардың да, атқарылып жатқан жұмыстың да көлемі артты.
Яғни, биыл тасқын судан қауіп күшті. «Казгидромет» мамандарының мәліметінше, алдағы күндері күн күрт жылынбақ. Сондықтан, төтенше жағдай қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті. Екі мыңнан астам қызметкер мен бір мың техника сақадай сай тұр.