Солтүстік Қазақстан облысына 50-ден астам ауылды су басуы мүмкін

08.04.2020

Ал Солтүстік Қазақстан облысына өзге апат қаупі төніп тұр. Өңірде 50-ден астам ауылды су басуы мүмкін. Қазір кіші өзендер мен Есілдің деңгейі көтеріліп кеткен. Жергілікті жолдардың 11 учаскесін су басып, қатынас қиындады. Ақмола облысында да Жабай өзені тасып, жақын ауылдардың ауласына су кірді.

Ақмола облысындағы өзендерде де су деңгейі жоғарылауда. Жабай өзені бір күнде 1 метрге биіктеді. Салдарынан кеше Балкашин ауылының бірнеше ауласы суда қалды. Мамандар дереу мұз жару жұмыстарын жүргізді. Қазір қауіп сейілді. Бірақ енді Жабай өзенінің Атбасар қаласы маңындағы бөлігінде су деңгейі күрт көтерілуде. Облыс бойынша әлі де бірнеше ауданда су басу қаупі бар.

Мамандар биыл көктемде Қостанай облысында 99 елді мекенді су басуы мүмкін деп болжаған еді. Алайда кеше жауғанын есептемегенде, қыстан қалған қар баяу еріп бітті. Сондықтан қауіп те сейілді. Дегенмен сақтық шаралары күшейтілді.

Сәбит САҒЫНДЫҚ


Хабарламаларға жазылу