Ұлттық киім күніне орай, Талдықорғанда ғасырлар бойы қалыптасқан Қызай мәдениетінің көрмесі ұйымдастырылды. Бір анадан тараған бірнеше буын ұрпағы ер азаматтардың тақиясы мен қалпағын, аналардың кимешегі мен түскиіз өрнектерін осы күнге дейін бірізділікпен сақтап келеді.
Мәселен Қызай қалпағы төрт бөлікке бөлініп тігілген. Мұнда төрт құбыла тең болсын деген мағына жатыр, - дейді зерттеушілер. Сол сияқты кимешек пен түскиізде де осыдан бірнеше ғасыр бұрын салынған ою-өрнектер қазір де қоллданылып келеді. Көрмеде жұрт назарына ұсынылған ұлттық киім үлгілерін жетісулық қариялар мен ақжаулықты аналар көрсеткен күнделікті киіп жүр.
Қажет Андас, жазушы-өлкетанушы:
Қызай қалпақтың екі ғасыр бұрын тігілген нұсқасы бар. Бір ғасыр бұрын тігілген нұсқасы бар. Шылауыштың да, түскиіздің де. 50-60 жыл алдында тігілген нұсқасы бар. Қысқасы осы жерде қызайдың қалпақ, шылауыш, тақия, түскиіз өнері сол 500 жылдың алдында біздің Қызай анамыздың тапқырлығы болса, сол тапқырлық бес ғасыр бойынша өзінің өлшемін жоғалтқан жоқ.
Кимешек – аналардың алтын тәжі
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде "Кимешек – аналардың алтын тәжі " атты көркем-этнографиялық көрме ұйымдастырылды. Мұнда 19-20 ғасырларда қазақ аналары киген кимешектің 11 түрі қойылған. Олардың пішініне, ою-өрнегіне қарап қай жастағы адамға тиесілі екенін білуге болады. Мысалға, көрмедегі ең көне кимешектің екі ғасырлық тарихы бар. Оны қала тұрғыны тапсырған. Берген мәліметінше, Семей губерниясының Тобықты руынан шыққан әжесіне тиесілі болыпты. Бұл жас әйелге арналған бас киім, өте ашық, қанық түстерге бай. Қошқар мүйіз оюы, сондай-ақ өсімдік өрнектері бар.
Ұсынылған әр кимешектің осындай ерекшелігі, тарихы бар. Дені этнографиялық зерттеулер барысында жиналған. Жалпы кимешекті әйелдер ана мәртебесін алғаннан кейін киген. Кәдімгі бас киім болғанымен, оның мәні мен мағынасы терең. Бұл тектілік пен даналықтың символы, - дейді зерттеушілер.
Нарша Ілден, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
Қазір қазақ қоғамында кішкене түсініспеушіліктер, шатастырулар болып жатыр. Оның ішінде кимешек пен хиджапты шатастырулар болып жатыр. оның ішінде жастар арсында. Мақсатымыз соның айырмашылығын ашып көрсету. Қай уақыттан бастап киген, кімдер киген. Жалпы кимешекке қарап біздің ата бабамыз әйел адамның жасын білген ,қандай отбасынан шыққанын,әулетін, қай рудың отын тұтатып отырғанын білген. Кимешектің түсіне қарап та жасын бәрін анықтаған.
Қуаныш Қанатұлы