Талдықорғанда орманды-тоғайлы алқап жекенің қолына өтіп кеткен. Енді ол жерге коттеджді қалашық салынбақ. 2006 жылы жергілікті билік баспана салынады деген желеумен 15 гектар нулы жерді кәсіпкерге сатып жіберген. Ал табиғат жанашырлары ағаштар кесілсе қаланың экологиялық ахуал ушығады дейді.
Облыс орталығының геопортал сайтында 15 гектар орманды алқаптың 200-ден астам жер теліміне бөлінгені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осыны байқаған қоғам белсенділері дабыл қақты. Ондаған жылдар бойы қалаға көрік беріп, аң-құсқа пана болған ағаштар кесілсе, экологиялық апат болады дейді, табиғат жанашыры Сергей Тандеев.
Сергей Тандеев, экобелсенді:
Біз қаланың тура өкпесіндей болған жасыл алқаптан айрылып қалуымыз мүмкін. Бұл ағаштар елу жыл бұрын отырғызылған шығар. Қазір осылай өсіп жайқалып тұр. Үй саламыз деп бәрін кесіп тастасақ ертең ұрпағымызға не қалдырамыз?
Қайрат Әбдірахман, қала тұрғыны:
Талдықорған ғой. Қаланың өз атына сай болу үшін талды сақтау керек. бірақ біз егер қазір мынаның бәрін кесіп тастасақ, талсыз қорған болып қаламыз деп ойлаймын.
Кезінде орман шаруашылығының құзырында болған мұндай жер телімі қалаға қалай өтіп кеткені де күмәнді дейді, экобелсенділер. Ал бұл тоғайда әлікүнге дейін сирек кездесетін қырғауыл, тоқылдақ және басқа да құстарды кездестіруге болады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына бір ғана теректің өзі бес адамға қажет оттегіні бөледі екен. Сондай-ақ маңайындағы улы газдарды өзіне сіңіріп алады. Ал 14 гектар аумақта қанша терек, қарағаш және ақ қайың өсіп тұр десеңізші?
Жергілікті билік қоғам белсенділері дабыл қаққаннан кейін ғана қозғала бастады. Жан-жаққа сауал жіберіп, хат жолдауда. Нулы да сулы жердің жекенің қолына қалай өтіп кеткенін өздері түсінбей, дал.
Ернат Бәзіл, қала әкімі:
Біз қазіргі айтқымыз келгені ол жерге бәрібір ештеңе салғызбаймыз. Заңсыз болса алып аламыз үкіметке. Заңды болса оларға басқа жерді беруге тырысамыз.
Бір қызығы сол кездегі әкімдік өкілдері дәл осы кәсіпкерге тағы 45 гектардан астам жер телімін беріп жіберген. Ол маңға ойын-сауық орталығы және басқа да нысандар салынуы тиіс еді, алайда кәсіпкер ол жердің де бір бөлігіне коттеджді қалашық саламын деп мақсатын өзгертіп алған.