Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында 250 балаға шақталған мектеп жекеге сатылып кеткен. Бір қызығы осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен білім ошағы небары 15 млн теңгеге бағаланған. Жергілікті халық оны мемлекетке қайтаруды талап етіп отыр. Шалқар ауылының тұрғындары жекеге өтіп кеткен мектепті мемлекетке қайтару керек деп шырылдап жүргеніне бірнеше жыл болған. Тиісті мекемелер мен құзырлы органдарға хат жолдап, табылдырығын тоздырған бұқараның талабы әзірге ескерілмей келеді.
Нұрғазы Мырсейітов, ауыл тұрғыны:
Қай жиналыста болсын, айтып жатырмыз. Облыс әкімінің кездесуінде, аудан әкімінің, ауыл әкімінің кездесуінде де айтылды. Сол жартас, бір жартас. Шешілмей жатыр. Баяғыда ауданның прокуроры шешіп берем деп еді. Енді оны заң орны шешпегенде қалай?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл мектепте осыған дейін 600-ден астам бала білім алған. Екі қабатты үлкен ғимарат. Осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Тіпті, спорт зал да салынған. Тұрғындар осының барлығы қалайша он бес-ақ млн теңгеге саудаланды деген сұраққа жауап таба алмай дал.
1958 жылы салынған мектеп 2017 жылы сатылып кеткен. Бұл туралы жақында ғана белгілі болды. Жұртты алаңдатқан мәселені Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай көтерді.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:
Ең жаман үйдің құны ол ауылда 16-17 млн теңге тұруы мүмкін. Бұны енді жеке меншікке қалай өткізіп жібердіңдер деп мен де хат жаздым. Жергілікті прокуратура да біліп отыр, бұл заңсыз дейді. Антикордан сұрасам ол да заңсыз дейді. Сот шағымымызды кері қайтарып жібереді дейді. Білмеймін енді ешкімнің сөзі өтпейтін неғылған сот ол аудандық.
Депутат енді Бас прокурорға хат жолдауға бекініп отырғанын айтты. Оның талабы – екі ай ішінде мектеп мемлекет меншігіне қайтуы керек. Нысан сатылған сәтте ауданды Махаббат Бегелдиев басқарған. Қазіргі әкімдік біз жақында келдік, тиісті шараларды атқарып жатырмыз деп ақталса, облыстық білім басқармасының өкілдері жағдайдан бейхабармыз деп отыр.
Гүлсара Исағұлова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
2023 жылдың наурыз айында естідім. Облыс әкімнің тұрғындармен кездесуі болды. Сол кезде осындай сұрақ қойылды. Міне, содан бері солтқа беріп жатырмыз. Сот аудандық білім бөлімінің құжаттарын қайтарып берді.
Аудандық білім бөлімі әкімдіктің мектепті жеке меншікке беру туралы 2017 жылы шығарған қаулысының күшін жою үшін бүгінге дейін екі рет аудандық сотқа арыз, талап жолдаған. Бірақ талабы қанағаттандырылмаған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы Шалқарда жаңа мектеп салынып, ескісі бюджетті толтыру үшін сатылған. Нысанның қазіргі иесі, ғимаратты мемлекетке қайтаруға дайын. Бірақ мынадай талабы бар.
Фархад Мәденов, нысан иесі:
Менің бүкіл салған инвестициямды мемлекет қайтарып беретін болса мен тек қана қуанам. Мені өздері сұрады ғой келіп балабақша ашыңыз деп. Қайта бағалау бүгінгі таңда 80 млн теңге болды.
Мектеп 2017 жылы «Іргетас» ЖШС-не сатылған. Серіктестік басшысы нысанды өзінің інісіне берген. Қазір «Мектепке дейінгі академия» ЖШС ғимараттың ішін әрлеп, балабақша ашуды жоспарлап отыр. Облыстық білім басқармасы егер нақты мектепке дейінгі білім беру нысаны ашылса, кәсіпкерді қолдап, мемлекеттік бағдарлама арқылы көмек береміз дейді. Яғни, ғимарат енді мемлекет қарамағына қайтпауы мүмкін.
Нұрсұлтан Тілектес