Қазақстан Қарабақты қалпына келтіру ісінде Әзербайжанға қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Бауырлас елге жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні Президент Армениядан қайтарылған аумақтарды аралап, Физули мен Шуша қалаларына барды. Әрі Қазақстан көмек ретінде салып берген Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылық орталығын ашты. Қарабақтан тілшіміз толықтырсын.
Бір кездері бұл жерде қайнаған тіршілік еді. Мәселен, бұл баспа үйі, одан әрі прокуратура болған. Бірақ қазір одан түк жоқ. Өйткені бірінші Қарабақ соғысы кезінде армян әскері бұл аумақты тұтас оккупациялап алған. Ал халық үйлерін тастап, үдере көшті. Енді араға 30 жыл салып, Әзербайжан тарихи жерлерін қайтарып алды. Қазір қайта түлетіп жатыр.
Досжан Маратұлы, тілші:
Мәселен, бұл Әзербайжан халқының Физули қаласы. Осы уақытқа дейін Арменияның қарамағында еді. Кезінде 20 мыңдай адам тұрған елдімекен қазір қиратылған. Енді Қарабақ Әзербайжанға қайтарылған соң, Баку бұл аймақты қайта қалпына келтіре бастады. Міне мынадай тұрғын үйлеріп бой көтеріп, жаңа қала салынып жатыр.
Міне, осыны көріп, бауырлас елге қолдау көрсету үшін Әзербайжанға жасаған сапарының екінші күні Президент Физули қаласына арнайы келді.
Мемлекет басшысын әуежайдан Ильхам Әлиев қарсы алды. Кейін президенттер Физули қаласын дамытудың бас жоспарымен танысты. Келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және өзге де нысандардың жобалары көрсетілді. Қазір мұнда 38 тұрғын үй салынып жатыр. Әзірге екі мыңдай адам тұрады. Жалпы Қарабақты қалпына келтіру ісінде Қазақстан да қолдау көрсетіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы бой көтерген. Прзиденттер бүгін соны ашты.
Орталық 9 айда салынды. Екі қабатты ғимарат 600 балаға шақталған. Ішінде шахмат, аспаз кластары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және вокал класы, фото-бейнемонтаж, веб-дизайн және роботты техника кабинеттері, акт залы, 3D-модельдеу класы бар. Әрі кілем тоқу өнерін де үйренуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін.
Мемлекет басшысы орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ балаларды таситын автобусты да сыйға тартты. Ал Әзербайжан президенті қолдау көрсеткен бауырлас қазақ халқына алғыс айтты.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды.
Бұдан соң, президенттер осы қалада салынатын орталық аурухананың құрылыс алаңына барды. Оны қазақстандық компания коммерциялық негізде тұрғызбақ. Жалпы Қарабақты қайта түлетуге өзге де түркі тілдес елдер қол ұшып созып жатыр. Сарапшылар бұл бауырлас елдерді біріктіре түседі дейді.
Жанат Момынқұлов, саяси сарапшы:
Әзербайжанның өзінің жер тұтастығын қалпына келтіруі бүкіл түркі әлеміне сигнал болды. Түркі мемлекеттерінде түркілік сана нығайып, біз түркі әлемінің үлкен бөлшегі екенімізді сезіне бастадық. Түркияның Әзербайжанға қалай көмектескенін де көрдік. Осы тұрғыдан келген кезде Тоқаевтың айтып отырған жылы сөздері оның бәрі орынды. Әлиев те алғысын айтып, риза болып жатыр. Менің ойымша осындай жесттерді көбейте бергеніміз дұрыс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Физулиден соң Шуша қаласына да барды. Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған фотокөрмені аралап көрді. Сапар соңында қайтарылған жерлерді жандандыру ісінде әріптесіне сәттілік тілеп, Қазақстан қашан да көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.