Қазақстан-Әзербайжан: Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Әзербайжан: Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

11.03.2024

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам басады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында АПА ақпарат агенттігіне сұқбат беріп, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тоқталды. Президенттің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып, жүк тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаға жеткен. Каспий жағалауындағы теңіз порттарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның бірлескен кәсіпорны құрылғанын еске салды. «Бір терезе» форматында қызмет көрсететін бұл компания - Оңтүстік Кавказ бен Түркия елдерінің Қазақстан, Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытаймен өңіраралық интеграцияны дамытуға жол ашатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы өркендеу үстінде. Саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда байланыстарды нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды жақсартуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу