Алғыс айту күніне «Қазақстан» корпорациясының Қазақ радиосы дәстүрге айналған «Мың алғыс» шарасын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғыс айту күніне «Қазақстан» корпорациясының Қазақ радиосы дәстүрге айналған «Мың алғыс» шарасын өткізді

03.03.2024

Алғыс айту күніне «Қазақстан» корпорациясының Қазақ радиосы дәстүрге айналған «Мың алғыс» шарасын өткізді. Тыңдағанда тебіренетін оқиғасы бар кейіпкерлер. Олардан тарайтын жақсылық толқындары. Тағылым алатын, ойлантатын қадамдар. Мысалы, донор болу. Мысалы, жетімге қамқор болу.

Еңбек ардагері, ұлты түрік Яша Кошали-оғлы Түркістаннан немерелерімен келген екен. Ақсақал «Abai TV» арнасының «Шаңырақ» бағдарламасына берген сұхбатында күштеп көшірілгендерге пана болған қазақ халқына алғыс айтып, ол жазба елді сүйсінткен. Соншалықты шынайы алғыс жүректен жүрекке жеткен еді. Ал кеште әскер кезіндегі досы Сұлтан Ахмадовпен жүздесіп, мәз болды. Досы Ресейдің Грозный қаласынан тосынсый жасап келді. Бурятияда әскери борышын өтеген олар, 52 жылдан кейін кездесіп тұр. Сұлтан Ахмадов Шымкент қаласында дүниеге келген. Жерлес деп бір-бірін жақын тұтқан ғой.

Сонымен бірге Ақтөбеден Жетесовтар отбасы қатысты. Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова 25 баланы бауырына басқан. Бүгінде олар 17 қыз, 11 ұл өсіріп, 9 немере сүйіп отыр. Өнерлі әулеттің әр баласы музыкалық аспапта ойнайды.«Шашу» деген отбасылық ансамбль құрған.

Ал кезінде Бельгия азаматы асырап алған Жәнібектің анасы әлі табылмады. Табылады, уақыт керек. Айтпақшы, Жәнібектің анасын іздеп жүріп Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы 2001-2002 жылдары Арқалықта туған 4 баланың анасымен қауышуына түрткі болды.

Тағы бір мәселе – ана дүниеге оралғаннан кейін донор болу.Мәңгілік мекенге кеткен бір адамның органдарының арқасында Алматының екі тұрғыны аман қалды. Біріне бауыр салынса, ал екіншісінде жүрегі қағып тұр. Бір-бірін бірінші рет көргенмен, біз туысқанбыз деп қауқылдасып қалды.

Мынадай мәлімет келтіре кетейін: елімізде 3,5 мыңнан аса адам орган ауыстыруға мұқтаж. Арасында балалар да бар. Қайтыс болған адамның донор болуы – өте төмен. Мысалы, былтыр тек 19 мәйіттің ағзасымен трансплантация жасалған.

Хабарламаларға жазылу