Париж 2024: Жазғы Олимпиададан үміт қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж 2024: Жазғы Олимпиададан үміт қандай?

03.03.2024

ҰОК президенті болып Геннадий Головкин сайланды. Оны кейін Мемлекет басшысы қабылдады. Ақ орданың телеграмдағы ресми парақшасында былай жазылған:

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрамалардағы спортшылардың алдағы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына даярлығына қатысты зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Сонымен қатар лицензиялар санын көбейту және Париж Олимпиадасында елеулі нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жүйе құру маңызды міндет екеніне тоқталды.

Иә, жазда Парижда өтетін жазғы Олимпиадаға дайындық қалай? Соңғы мәліметке қарасақ, 19-ақ лицензия және 8-ақ спорт түрінен. Кішкене уақыт бар, алайда қарқынды көбейе қоймас...

Шын мәнінде құйылып жатқан қаражат аз емес ғой. Сол қаржы спортшыға, жаттықтырушыға жетіп жатқан жоқ деген сөз бе? Олипиада деген спортшының шығар шыңы ғана емес, мемлекеттердің сайысы.

Яғни екі линия бар – спортшы мен спортшының мемлекеті. Екі линияда да мінез бен күш-қайрат, интеллектуалдық деңгей мен еңбек көрінеді. Ал кімнің жеткілікті ақша бөлетіні тек мемлекетінен байқалады. Амангелді Сейітханның сараптамасы.

Париж олимпиадасына 145 күн қалды. Дәл қазір ұлттық құрама қоржынында 8 спорт түрінен 19 лицензия бар. Бұл өте төмен көрсеткіш. Оны Туризм және спорт министрі де айтты.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

Токиоға осы уақытта 30-дан астам лицензия болған. Ең бастысы – соны көбейту.

Жолдаманы тағы 4 есе көбейтуге мүмкіндік бар,-дейді жауаптылар.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры, штаб жетекшісі:

Әлі де 60-тан астам жолдама алатын халықаралық жарыс бар. 20-25 спорт түрінен 90-ға жуық лицензия  алу жоспарланып отыр.

Бірақ бұл да қуанарлық емес. Өйткені біздің құрама Токиодағы тоқырау мен Атлантадағы алғашқы жарысты қоспағанда, бұрындары кемі 100 жолдама алатын. Тіпті, 2008 жылы Қытайға 132 лицензиямен барған.

Бірақ, жолдама аз болса да, жүлдеден үміт көп,-дейді Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі. Санға емес, сапаға мән берілмек.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры, штаб жетекшісі:

10-дыққа кіреді деген спортшылардың тізімін белгілеп отырмыз. Қазіргі таңда 20-дан астам спортшы бар, соларға ерекше көңіл бөлеміз.

Штаб жетекшісі осы мақсатта Алматыда біраз спортшымен кездесті. Солардың бірі – еркін күрестен ел намысын қорғайтын Азамат Дәулетбеков.

Азамат Дәулетбеков, еркін күрестен құрама команданың капитаны:

Құрама командадан менде жолдама бар әзірше. Қазір команда лицензиялық жарысқа дайындалып жатыр.

Азамат – күрес құрамасының капитаны. Сондықтан жігіттердің дайындығын сұрадық.

Азамат Дәулетбеков, еркін күрестен құрама команданың капитаны:

Күрес федерациясынан, үкіметтен жан-жақты көмек көрсетілуде. Бәрі жақсы, бәріне көңіл толады...

Капитанның неге күлгені ойландырды. Ал спорт журналисі Аслан Қаженовтің сөзінше, күресте мәселе көп.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Легионерлер әкеліп жатыр күреске, сол өте өкінішті. Ресейден, Дағыстаннан әкеліп жатыр. Және қыздар әкеліп жатыр. 2 қыз келеді екен ұлттық құрамамызға. Бұл енді командадағы атмосфераға кері әсер етіп жатыр. Өйткені күресте лицензия адамның атына берілмейді, салмаққа аласыз. Сосын мемлекет өзі таңдайды қай спортшының баратынын. 

Спорт сарапшысы Бек Төлеу болса, күрестің басқа түрлерінен де үміттен гөрі күдік басым,-дейді.

Бек Төлеу, спорт сарапшысы:

Бапкерлер штабында проблемалар бар. Мельниченко деген, мысалы, өте жақсы спортшы, ОЧ болған. Бірақ оның бапкер ретінде нәтижелерін көрген жоқпыз. Мысалы, ертең грек-рим құрамасын бастап барады. Сол сияқты дзюдодан әйелдер құрамасы бар. Енді уақыт тығыз. Таяуда ғана ҰОК басшысы ауысты. Біз осындай саяси басшылық ауыстырып, жүріп қалып жатырмыз.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Министр 4 жылда 4 рет ауысты. Комитет төрағасы ауысты. Оның барлығы кері әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені ұзақ мерзімді стратегия құрылып жатқан жоқ.

Сондай стратегия бокста бар еді. Бірақ Токиода боксшылар да 2 қоламен шектелді. Биыл да әзірге 2 жолдама. Жақында көбеюі мүмкін. Өйткені бүгін Италияда лицензиялық турнир басталды. Бірақ олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жоғары нәтижеге күмәнмен қарайды.

Серік Сәпиев, олимпиада чемпионы:

Біздің спортшыларымызға, әрине, қиын болады. Менің ойымша, барлық боксшы лицензия ала алмайды 

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Соңғы Азия ойындары генералды репетиция болды ғой. Біздің әлеуетті, шама-шарқымызды байқатты. Нәтиже өте төмен. Біз, жарайды енді, мынау спорт державаларынан қалатынымыз түсінікті ғой. Бұрын соларға қарап бой түзеп, соларға ергіміз келетін. Қазір өзіміздің көрші мемлекеттерден де көрсеткішіміз төмен болып жатыр.

Көрсеткіштердің осыншама төмендеуіне не себеп?

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Спортқа бөлінген қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Көріп жатырсыздар, соңғы күндері осы спортқа қатысты қаншама шенділердің қамалып ұсталып жатқанын.

Депутат Нартай Аралбайұлы бюджеттен қаржы бөлінетін спорт түрлерінің 1/3 ғана олимпиада ойындарының тізімінде бар,-дейді.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Министрлік 180 спорт түрін ресми спорт түріне тіркеп тастағанына көзім жетті. Ол жерде қоғам өкілдері естіп білмеген спорт түрлері бар. Спорттық балық аулау деген бар. Петанг, черлидин деген секілді. Одан бөлек, «жоғары жетістікті спорт» деген бар бізде. Медаль әкелуі керек, бірақ олар да олимпиадаға кіретін емес, кейбір спорт түрлері боп кіріп кеткен. Мысалы, Қазақстан сол «жоғары жетістікті спорт» түрлеріне 775 млн доллар бөліп келе жатыр.

Депутат енді тек олимпиадалық, соның ішінде жүлде әкеледі-ау деген спорт түрлеріне ғана ақша бөлу керек,-деп есептейді.

Мысалы, соңғы кезде нысана көздеушілер нәтижесі жақсы. Былтыр халықаралық жарыстарда 200-дей медаль ұтқан. Олимпиадалық 19 жолдаманың 5-і соларда. Әлі 2-еу алуы мүмкін. Бірақ екі апта бұрын «Спорттық ату федерациясының» бас хатшысы Олег Почивалов «бюрократияны» сынады.

Олег Почивалов, «Қазақстан спорттық ату федерациясының» бас хатшысы:

Мемлекеттік сатып алу заңы спортқа тиімсіз. Мысалы, көп спортшы соның кесірінен залға кіре алмай жүр. Онда кіру үшін конкурс өткізу керек. Қалада өзі 1-ақ ғимарат болса, конкурстың қажеті не? Өйткені, құжат 40 күн рәсімделеді.

Министр мұны шешуге болады,-деді. Ал спортта басқа да мәселе көп.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Спортшыларымыз бар ғой Олимпиадаға баратын, олардың ішетін дәрі-дәрмектерінің өзі сапасыз. Оларды емдейтін мамандардың да жасы келген. Кейбірі зейнет жасында.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Жасы ұлғайды спортшыларымыздың. Резерв жоқ артынан келе жатқан. Әлемдік спорт жылдам алға кетіп бара жатыр. Кейбір мемлекеттерде институттар жұмыс жасайды. Мысалы, мына Қытай мемлекетінде белгілі бір спортқа ғана.

Қазақстанда таэквондодан сондай үрдіс байқалады,-дейді сарапшылар. Әзірге айтарлықтай нәтиже болмаса да алға жылжу бар. Биылғы Олимпиадада оларға да айрықша үміт артылып отыр.

Арнат Сейтенов, таэквондодан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:

Екі сынаұ матчын көрдік Турцияда, Фудзиямада. Одан әрі Испанияда оқу-жаттығу өткіздік. 4 спортшымызға да үмітіміз бар. Алла қаласа, топ жарып, Олимпиадаға жолдама алады деп сенеміз.

Жолдама алу бір бөлек, жанкүйерлер жүлде талап етеді. Сонымен, Парижден не күтеміз?

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Керемет нәтиже болмайды. Бокстан 1 алтын күтеміз. Дзюдодан жоғары нәтиже күте алмаймыз, оны федерацияның мамандары да ашық айтып отыр. Айтпақшы, Рыбакинаға да үлкен үміт артылады. Оған арнайы дайындалып жатыр ол.

Бек Төлеу, спорт сарапшысы:

Мына допингтан кейін ауыр атлетика мүлде жоқ деуге де болады. Сосын жеңіл атлетикада бұрын Ольга Рыпакова, Ольги Шишигина деген сияқты ең болмаса 1 спортшы болатын ТОП деңгейде. Қазір ондай жоқ.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры, штаб жетекшісі:

Біз жеңіл атлетиканы дамытпай, жүзуді дамытпай, жақсы нәтиже көрсете алмаймыз ешқашан. Неге десеңіздер, 40-тан астам 80 медальдың түрі сарапқа салынады.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Бәрімізге белгілі Кениядан қыздар әкелді. 4 қыз. Оның біреуі допинг дауына қайта ілігіп жатыр. Олар Қазақстанда мүлде дайындалмайды. Сол жақта жаттығады, сол жақтан жарысқа барады. Қайта өз елдеріне кетіп қалады. Азаматтық алды деген аты ғана. Мысалы, Азия ойындарында 24 легионеріміз болды. Осы олимпиадалық түрлерінде. Олардың жеңісіне қатты қуана қоймаймын және қазіргі қазақ тілді аудитория, қазақ жанкүйерлері соншалық бөркін аспанға ата қоймайды.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Париждегі жарыс – Қазақстан қатысатын сегізінші олимпиада. Ұлттық құраманың ең үздік көрсеткіші 2000 жылы Сиднейде болған. 22-ші орын. Ол кезде спортшылар 3 алтын, 4 күміс еншілеген. Ал ең көп жүлде Рио де-Жанейрода бұйырды. 17 медаль. Ең сәтсіз өткен Токио олимпиадасы «қола дәуірі» деген атпен есте қалды. Оған жауаптылар пандемияны кінәлаған. Биыл пандемия жоқ. Демек, бірінші орын аламыз ба?


Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу