52 жылдан кейінгі қауышу, бір адамның органымен өмір сүріп жүрген қазақстандықтар: Астанада «Мың алғыс» кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

52 жылдан кейінгі қауышу, бір адамның органымен өмір сүріп жүрген қазақстандықтар: Астанада «Мың алғыс» кеші өтті

28.02.2024

Анасын іздеп жүрген белгиялық Жәнібек Савельев Қазақстанға қайта келді. Ол Ұлттық арнаның Алғыс айту күніне орай дайындаған «Мың алғыс» жобасына қатысты. Дәстүрлі шара осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Қайырымдылық пен қамқорлықтың үлгісіне айналған айтулы кеш туралы Жандос Темірғали тарқатсын.

Жоба аясында бүгінге дейін 25 отбасы баспаналы болып, түрлі дертке шалдыққан, көпшілік қолдауына мұқтаж 350-ге жуық адамға көмек берілді. Биылғы мың алғыстың барысы да жүректі тербер тосын сыйлармен өрілді. Қилы заманда ата-бабасы депортацияға ұшыраған Яша Кошалиоғлы 51 жылдан кейін қарулас досымен қауышты. Зұлмат жылдары Сұлтан Ахмадовтың да ата-бабасы Түркістанға жер аударылған. Жан достарды табыстырған да, араға жарты ғасыр салып қайта қауыштырған да қазақ елі...

Яша Кошалиоғлы, Түркістан облысының тұрғыны:

Адамның жүрегі де жұқарады. Қазірдің өзінде өз-өзімді зорға тоқтатып тұрмын. Қалай жыламайсың?! Қазақ халқының жақсылығы өмір бақи естен шықпайды.

Мың алғыс жобасы - бір мәйіттік донордың арқасында екінші рет өмірге келген екі алматылық тұрғынды қауыштырды. Біріне бауыр салынса, ал екіншісінде жүрегі қағып тұр.

Светлана Қайыпова, Алматы қаласының тұрғыны:

Біздерге айтылмады ғой врачтар тарапынан кімнен салынып жатқаны. Көрген уақытымда қазір мен ұлымды көргендей болып, өзімнің баламдай. Бір адамның бұда жүрегі, менде бауыры.

Данияр Байболлаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Жүрегім қатты соғып, қобалжып тұрмын. Жан-дүнием тебіреніп тұр. Эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Құдды көз алдымда туғаным тұрғандай әсердемін.

Анасын іздеп келіп, ата жұртымен қауышқан Жәнібек – елге ыстық сәлемін жеткізді. Ал анасы туралы ақпаратты көрермен 1 наурыз күні эфирге шығатын «Мың алғыс» жобасынан сағат 15:15-те біле алады. Бір анығы, Жәнібекке қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде 2001-2002 жылдары Арқалықта дүниеге келген 4 баланың туған анасы табылды. Шараға «Мың алғыс» жобасының арқасында шетелде 4 рет емделіп, толық ремиссияға шыққан 9 жастағы Альарназ бен анасы Гүлайым Абрахманова, 25 баланы асырап алған ақтөбелік Жетесовтер отбасы, Астанада өртеніп жатқан көпқабатты үйден бір адамды аман алып шыққан Ғалымбек Өтешев қатысты.



Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу