Астаналықтар бой көтеретін жаңа құрылысқа қарсы
Астаналық тұрғындар бой көтеретін жаңа құрылысқа қарсы шығып жатыр. Себебі, 7 жылдан бері телім қоршауға алынып, не салынбады, не қоймады дейді. Ал, заң бойынша 3 жыл бойы пайдаланылмаған жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бірақ, астаналық дөкей мердігерлер бұған пысқырып та қарамайтынын айтады.
Самал Қабышева, тілші:
Міне, тұрғын үй, міне, қоршауға алынған нысан. Дәл осы қоршауға алынған жерде қандай да бір құрылыс объектісінің салынуына мына тұрғын үйдің халқы қарсы. Себебі, құрылыс жүргізілетін болса, көлік көбейеді. Салдарынан халыққа жүретін жер қалмайды. Тіпті коммуникация жүйесі де көтермейді деп отыр.
Айгүл Бошанова, қала тұрғыны:
Торговый дом болса, не развлекательный дом болса, біздің үйіміздің коммуникациямыз шыдамайды. Мысалы, Мәңгілік елде үнемі жаңбыр келсе, су жиналады.
Нұрлыхан Қобдалиева, қала тұрғыны:
Құрылыстың қажеті жоқ. Өйткені көтермейді. Жан-жақтың бәріне салынып салған.
Сайын Құрмалаев, қала тұрғыны:
Бүкіл жаман канализацияның суының бәрі шықты ғой. Келеді водовозбен, сорып алады. Сондай проблема. Мына жерде мына үйді қосқаннан кейін, канализацияны, құбырды қосқаннан кейін хаос болады.
Экспо маңындағы тұрғын үйдің халқы осы айтқан шағымдарын әкімдікке де, мәжіліс депутаттарына да жазғандарын айтады. Бірақ екі жылдан бері жауапты мекемелер «арыздарыңызды қарап жатырмыз» деген жауаптан әрі аспай отыр дейді. Тұрғындар, құрылыс нысанын салдыруға түбегейлі қарсы. Оның орнына, бұл жерде тынығатын саябақ болғанын қалайды. Ал, әкімдік болса, бас жоспарға сәйкес, 3-4 қабатты отбасылық демалыс орталығы салынуы тиіс дейді. Бірақ, төрт жылдан бері ол талапты жер учаскесінің ауысқан екі қожайыны да орындамаған.
Ғалымжан Нұрәділ, Астана қалалық «Есіл» ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:
Үш жылдың ішінде ешқандай әрекеттер жасалған жоқ. Енді жер ресурстары департаменті тексеріс ашу керек. Жер иесіне нұсқама берілетін болады. Егер нұсқаманың нәтижесінде ештеңе жасалмаса, жер учаскесі иелігінен шығарылады.
Яғни, бірден тартып алуға заң осал. Дәл, осы жаңадан жазылған құрылыс кодексі мәжіліс депутаттарына таныстырып, сынға қалған болатын. Тіпті, депутат түртіп алар жаңалықтың жоқ екенін айтып, жаңа құжатты студенттің рефератына теңеген болатын.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алдымызда құрылыс кодексі. Бұл 177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Бар болғаны КДС мына министрліктің қосқаны 3,4 бөлім ғана. Қалғандары тек ғана сәулет құрылыс туралы заңы, жеке тұрғын үй туралы заң. Және үлестік қатысу. Ешқандай жаңалық жоқ заң жобада.
Халық қалаулылары құрылыс кодексіндегі шикіліктің бәрін жойып, заңды қатаңдату керек деп санайды. Сонда жауапкершілік те, сапа да болады дейді, депутаттар. Жалпы 2022-2023 жылдар аралығында Астанада пайдаланылмаған 3 жер телімі ғана мемлекет меншігіне қайтарылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
