Майқайыңдағы коммуналдық апатқа кінәлілер жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майқайыңдағы коммуналдық апатқа кінәлілер жауапқа тартылады

26.02.2024

Майқайыңдағы коммуналдық апатқа кінәлілер жауапқа тартылады. Жағдай түзелген соң, бірден қызметтік тексеріс басталады. Бұл жөнінде оқиға орнында жүрген тілшімізге жедел штаб өкілі айтты.

Еске салайық, 10 мың халқы бар Майқайың кенті ауыз сусыз қалғалы бүгін 6-шы күн. Ал Екібастұз қалалық су арнасына қарасты қатып қалған магистральді жөндеу қашан аяқталатыны белгісіз. Қазір құбыр жібіту жұмыстары жүріп жатыр. Дерекке қарағанда, 4 шақырым 100 метр аумақ жылытылған. Әлі екі шақырымы мұз болып жатыр. Қатып қалған құбырды жібіту үшін ағаш, резеңке балон мен көмір қолданылуда. Апат орнында барлығы 143 адам және 60 мамандандырылған техника жұмыс істеп жатыр. Ал сусыз қалған Майқайың халқына тіршілік нәрі тасымалданады. Қазіргі уақытта кенттегі бірде-бір нысанға орталықтандырылған желіден су бармайды.

Айна Нұрғалиева, Майқайың кентінің тұрғыны:

Бір ай бойы су болмайды деп кім айтты? Бүкіл ел айтып жатыр. Енді сол әкім шығып айтпай ма екен осындай жағдай болып жатыр деп. Міне, су жоқ, тасып жүрміз. Аналар жастар, біз пенсионерміз. Зейнеткермін.

Хабарламаларға жазылу