Ресейдің Омбы облысында «Қазақша диктант» акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы облысында «Қазақша диктант» акциясы өтті

23.02.2024

Ресейдің Омбы облысында «Қазақша диктант» акциясы өтті. Қандастарымыз ана тілін қаншалықты жетік меңгергенін, білімі мен сауатын тексере алатын шараны «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы өткізген. Оған тек Ресей емес, өзге мемлекеттердің де азаматтары қатысуға ынта танытқан. Толығырақ меншікті тілшіміздің репортажында.

Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін түсіндіру, тіл мәрбетесін арттыру – басты мақсат. Онлайн және оффлайн форматта өткізілген диктантқа қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың.

Торғын Әшенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:

Ресейдікі ғана емес, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия қазақтары да біздің тестке қатысыпты. Қазақ тілін қазақ боламын десең, ұмытпай, білу керек. Бүгінгі мереке осы қазақтығымызды ұмытпау үшін өткізіліп жатыр.

«Қазақша диктант жазуда ересектердің тарапынан белсенділік жоғары болды», - дейді ұйымдастырушылар. Дәстүрлі түрде өтетін шараға енді жастарды тарту көзделуде.

Асылхан Мухин, Омбы облысының тұрғыны:

Енді қазақ болғасын өз тіліңді білген дұрыс қой. Жастар көбі білмейді. Ол енді біздің кінәміз. Әке-шеше қазақша сөйлеп, балаларға айтса, үйдегі балалар да біледі.

Бұл олқылықтың орнын жою үшін алдағы уақытта жастар үшін қазақ тілі үйірмелері ашылмақ. Жалпы, Омбы облысында 70 мыңнан астам қандас қоныс тепкен. Соңғы жылдары қазақ тілі мектептерде міндетті пән тізіміне кірді. Ол үшін арнайы оқулықтар шығарылды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу