Ұлытауда құлдықта болған балалар 4 ай бойы кезектесіп сабақтан қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытауда құлдықта болған балалар 4 ай бойы кезектесіп сабақтан қалған

22.02.2024

Ұлытауда 5 жыл құлдықта болған балаларға қатысты жаңа дерек анықталды. Оқушылар сабаққа бармаған. Ал жергілікті емхана қызметкерлері жалған анықтама беріп келген. Бұл туралы балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты. Оның сөзінше қамқоршы органдар жарты жыл сайын тексеру жүргізген. Олар былтыр қыркүйектен бастап алғаш күдіктене бастаған. Өйткені балалар кезек-кезек бір аптадан сабақтан қалып отырған. Бұл жағдай қаңтар айына дейін 4 ай бойы жалғасқан. Қаңтар айында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, балалар тәрбиеленіп жатқан барлық отбасын тексеріп шығуға тапсырма берген. Осы тексеру кезінде Ұлытаудағы жағдай әшкере болды. Комитет төрағасы қазір қылмыстық іс жүріп жатқанын және ешкім жауапкершіліктен құтылмайтынын жеткізді.

Мұндай жағдайда 111 телефонына хабарласу керек дейді. Бұған дейін хабарлағанымыздай 17 ақпанда Ұлытау облысында 5 жыл бойы фермада жұмысқа жегіліп, құлдықта болған балалар құтқарылған еді. Екі күннен кейін күдікті әйел ұсталды.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу