Қазақстанда суицидке итермелегендер 9 жылға дейін сотталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда суицидке итермелегендер 9 жылға дейін сотталады

25.02.2024

Мәжіліс депутаттары педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ, суицидке итермелегендерді 5 жылдан 9 жылға дейін соттау нормасын бекітті.

Кәмелетке толмаған балаларға кибербуллинг жасайтындар да қомақты айыппұл төлейді. Бұл әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасының нормалары.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ, өтелмеген жаңа мерзімі қысқартылмайды. Жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Оған қоса балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайтын болады.

Сондай-ақ, мүгедек балалар тәрбиеленетін ұйымдарға талап күшейеді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Резонансты оқиғалар болды. Бала өліміне қатысты оқиғалар болды. Соны болдырмас үшін, біз арнайы хабарламасыз, ескертусіз жалпы мемлекеттік бақылауды ұсынып отырмыз. Барлық медициналық ұйымдарға, интернаттық ұйымдарға, лагерьлерге міндетті лицензия енгізуді осы нормамен қарастырып отырмыз.

Мұндай орталықтардағы заңсыз, тіпті «не деген сұмдық, а?!» дегізетін әрекеттер көп. Бірі дәл осы аптада шықты - Түркістан облысындағы Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі студенттерге мерзімі өткен азық-түлік беріліп келген. Прокурорлардың айтуынша, бала дей берейікші, 80 бала оқитын Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжінде білім сапасы да оңып тұрмағаны анықталған. Біліктілік талаптарына сай емес оқытушылар сабақ берген. Ғимаратта санитарлық және өртке қарсы нормалар сақталмаған. Медицина қызметкерлері мерзімі өткен препараттарды қолданған. Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдаған. Соған қарамастан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған дейді прокуратура қызметкерлері.

Ал Ұлытау облысында 5 жыл бойы фермада жұмысқа жегіліп, құлдықта болған балалар құтқарылғанын естідік. Еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның әлеуметтік желідегі ақпаратына сәйкес, олардың денелері көгерген әрі тыртыққа толы болған. Сонымен қатар жүдеу, шаршаңқы, аш, кір-қожалақ, киімдерінің алба-жұлбасы шыққан. Балаларды қамқорлығына алған ата-ана оларды осындай күйге түсірген. Үлкен қыз колледжді тәмамдаған. Алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде оқиды. Құқық қорғау органы білім мекемесін тексерсе, ата-анасы тарапынан үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынып отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан.

Бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа балалар жайлы сұрастырған. Балалардың үлкенін қалаға 20 км қашықтықтағы өз фермасында еркінен тыс ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы мен 18 сиыр бар.

Мақсат Несіпбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

2 бала колледж студенті, біреуі 21-ші мектеп оқушысы. Осы қыркүйек айынан бастап балаларда проблема басталған. Сабаққа қатыспау фактілері болған екен. Бірақ асырап алған патронатты ана білім беру ұйымына тиісті анықтама қағазын ұсынып отырған. Балалардың құқығын қорғау комитеті келесі аптада Жезқазған қаласының білім бөлімімен нөмірі 21 мектепке жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырып жатыр.

Ұлытауда 5 жыл бойы құлдықта болған балалар қазір қауіпсіз жерде. Қылмыстық іс қозғалған. 

Хабарламаларға жазылу