Павлодарлық жастар Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығына орай Қазақстан бойынша «Әлихан жолымен» шыққан сапары барысында қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты елді мекендерді аралап өтті.
Аталған жобаның жетекшісі Ғабит Хафиздің айтуынша, сапардың алғашқы аялдамасы Семей қаласы болған. Себебі, мұнда Әлихан Бөкейханұлы «Алашорда» партиясының негізін қалаған.
«Қарт Семейдегі іс-шара қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде концерттік бағдарламамен жалғасты. Бұдан кейін автобуспен Алматыға жол тарттық. Оңтүстік шаһардағы «Тұран» университетінде де өнер көрсетіп, алматылықтардың алғысына бөлендік. Соңынан Балқаш көлі арқылы Әлихан атамыздың туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай өңіріне аттандық. Жол-жөнекей асханаларға тоқтап, халықтың өтінішімен далада жоспардан тыс екі концерт бердік», - дейді Ғабит Хафиз.
Айта кетерлігі, Ақтоғай өңірінің «Талдыбейіт» деп аталатын зиратында Әлихан Бөкейханұлының үш бауыры мен әке-шешесі жерленген. Жоба барысында жастар марқұмдардың зиратына барып, Құран бағыштап қайтты.
«Бұл жердің «Талдыбейіт» деп аталуының өзіндік тарихы бар. 111 жыл бұрын Әлихан атамыз осы жерге Бразилиядан тұқымын алып келіп тал еккен. Қазірде жайқалып тұрған алып ағашты бабамыздан қалған тарихи жәдігер десек, артық айтпаспыз. Айдың соңында аталған сапар туралы қысқаметражды фильм жарыққа шығады. Ал, жобаның басты мақсаты – ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханұлының мерейтойын елеусіз қалдырмау», - дейді Ғабит Хафиз.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әлихан жолы» жобасына 25 павлодарлық жас атсалысты. Олардың құрамында айтыскер ақындар, әнші-күйшілер, тарихшылар мен бишілер бар.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әлихан жолы» жобасына 25 павлодарлық жас атсалысты. Олардың құрамында айтыскер ақындар, әнші-күйшілер, тарихшылар мен бишілер бар.