Көктайғақ алматылықтарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктайғақ алматылықтарды әбігерге салды

20.02.2024

Алматы тұрғындары бес күн бұрын жауған қар әлі тазаланбай жатқанына наразы. Көше көктайғақ болып, жаяу жүргіншілер жолын мұз басқан. Ал, ақ ұлпадан аршылмаған аулалар нағыз мұз айдынына айналған. Коммуналдық қызмет мамандары, бұған аяздың бәсеңдемей тұрғаны себеп, - дейді.

Соңғы бес күнде қала ішінде көліктер кібіртіктеп, адамның да жүрісі қиындады. Себебі, ауа температурасы бірден -20 градусқа дейін төмендеп, шаһар іші көк мұзға айналды. Мәселен, бір ғана қалалық №7 ауруханаға көк мұздан тайып құлаған 14 науқас түскен.

Асылбек Ұлсерікұлы, қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі:

Оның ішінде екі адам нейрохирургия бөліміне жатқызылған. Егде жастағы үлкен кісілер. Есіктің алдынан тайып құлаған. Қазіргі жағдайлары бірқалыпты.

Қуан Нұрақын, тілші:

Біз қазір Алматыдағы негізгі көшелердің бірі Сүйінбай даңғылының бойында келе жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай мына жолақ автобустарға арналған. Қоғамдық көліктер жолда қар дұрыс тазаланбағандықтан жеңіл көлік жүретін жолмен айналып өтуге мәжбүр.

Жауапты маманның сөзінше, өткен жұмадан бері 32 мың текше метрден аса ақ ұлпа сыртқа шығарылған. 6 мың тоннадан аса көктайғаққа қарсы қоспа себілген. Ал қардың уақытылы тазаланбай жатқанын былай түсіндірді.

Александр Сергеев, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

Қар жауған күні күндіз жылы болды. Түнде ауа райы 20 градусқа дейін күрт төмендеп кетті. Соның салдарынан бірден көктайғақ болды. Көлік жүретін жолдарды ашып үлгердік. Ал тротуарларды үлгермей жатқанымыз шындық. Толық тазалап біткенше жұмысты тоқтатпаймыз.

Нұрлан Есенгелдіұлы, «Алматы тазалық» МКК директорының орынбасары:

Үлгермей жатқан жеріміз де бар. Жоққа шығармаймын. Ауа температурасының төмен болуына байланысты көктайғаққа қарсы қолданылған материалдар жолдағы мұзды ерітуге әлсіз болып жатыр.

Қар жауған түні-ақ көктайғақ салдарынан 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. «Қазгидромет» мамандары 16 ақпанда қалыңдығы 25 сантиметр, яғни бір айлық қар жауғанын айтады. Ал, синоптиктер осы аптаның соңына дейін Алматыда аяз сақталатынын ескертеді.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу