Динара Зәкиева: Енді жетім балалардың құқығын мобильді топ қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Динара Зәкиева: Енді жетім балалардың құқығын мобильді топ қорғайды

19.02.2024

Ұлытау облысында 5 жыл бойы жетімдерді құлдықта ұстаған өгей шеше қамауға алынды. Бұл жөнінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, өзінің желідегі парақшасында мәлім етті. Қазір ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Бұдан былай, зорлық-зомбылық көрген жетім балалардың құқығын осы мобильді топ қорғауға атсалысады. Яғни, асыранды балалардың жай-күйін бақылап, заңбұзушылық байқалса, дереу тиісті органдарға хабарлап отырады.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Жазда біз ІІМ, Прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрдық. Олардың міндеті – зорлық-зомбылыққа ұшыраған, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды жедел түрде анықтау. Көп ұзамай бұл механизм Президент тапсырмасымен әзірленген «Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы заң жобасы аясында алдын алу құралы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекітілмек. 

Омбудсменнің сөзінше, жетім балаларды құлдай жұмсаған күдіктінің екі үйір жылқысы мен 18 сиыры бар. Ол бір үйдің үш баласын балалар үйінен өз тәрбиесіне алып, мәжбүрлі түрде мал бақтырып қойған. Есесіне, өзі 5 жыл бойы балаларға жәмдемақы алып келген. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, күдіктінің өзінің туған үш баласы бар. Ол бұған дейін тағы да, бала асырап алмақ болған.


Хабарламаларға жазылу