Атырау облысында ауылда жол жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында ауылда жол жоқ

15.02.2024

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жыланды ауылының тұрғындары жылдың төрт мезгілінде тізеден балшық кешіп жүруге мәжбүр. Жаяу адам тұрмақ, көлікпен жүрудің өзі қиын. Осылай деп арнамызға хабарласқан тұрғындардың жанайқайын меншікті тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт тыңдап қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл Жыланды ауылының кіре берісіндегі 3 шақырым жол. Ауыл халқының айтуы бойынша бұл жерде картада тас жол бар. Ал көріп тұрғандарыңыздай іс-жүзінде ауылға апарар батпақ жол.

Әрі қарай ауылға кіріп, айналаны түгел аралап шықтық. Көзге 1 метр тас жол көрінбеді. Батпаққа батып, діттеген жеріне жете алмай жүрген бір адам. Жыландыға Ұлттық арна келді дегенді естіген жұрт ауыл шетіне жиылды. Бірі жолды айтса, енді бірі жарық, бұралқы ит, одан қалды қараша дәрігерлердің жұмысын сынға алды.

Алуа Сақтапова, ауыл тұрғыны:

Су деп судың жырын бір ыңғайлап келе жатырған едік. Енді мынау батпақ өте бір ыңғайсыз болып тұр. Мына мектепке 500 метр жерге баламызды жібере алмай отырмыз.

Әлібек Өтеболатов, ауыл тұрғыны:

Врачтар келе алмай менің шаңырағыма босандырып алдық жолдасымды үйден. 21 ғасыр ойлап қараңыз.

Еділ Өтеболатов, ауыл тұрғыны:

Өткенде де жиналыс болды айтылды. Бәрін жазып, сызып алып кетеді.

Әкімдік ауылдың мәселелерінен хабардар. Аталған мәселе бойынша облысқа ұсыныс жолданған. Құрылыс жұмыстарына шамамен 2 млрд теңге қажет. Жоба мақұлданса ауылға 12 км тас жол, 6 км жаяу жүргінші жолы салынады.

Шынболат Мусин, Аудандық ТҮКШ тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Жоба жасақталды. Ол қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұйырса ақпанның 20-сы күні ол мемлекеттік сараптамадан шығады. Соған сәйкес облыстық бюджеттен қаржы сұраймыз, бөлінген жағдайда жол құрылысын бастаймыз.

Құрманғазы ауданында 800 км дей жол бар. Оның тек 60 пайызы ғана тас жолмен қамтылған. Қазір 8 млрд теңгеге республикалық, облыстық, ауыл ішілік жолдар жөнделіп жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу