Алматыдағы тау көшкінен төрт адам қаза тапты
Алматыдағы тау көшкінен төрт адам қаза тапты. Қалың лай астында қалған үйден барлығының мәйіті табылды. Оқиға орнында лайдан тазарту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Арнайы комиссия құрылып, апаттың нақты себебі анықтауда. Ал, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары таудың көшуіне су асты құбырының жарылуы себеп дейді. Оқиғаның мән-жайын Қуан Нұрақын тарқатады.
Түнгі сағат 2:00. Жұрт шырт ұйқыда жатқан. Тұрғындар кенет үйдің қабырғалары дірілдеген соң жер сілкініп жатыр деп далаға қашқан. Сыртқа жүгіріп шыққанда ғана тау көшкенін байқаған.
Айшагүл Ерманова, куәгер:
Бірден болды. Құтқара алмайды. Бер жағындағы үйдің көршісі «соседи, соседи» деп айқайлаған. Ол естілмеген. Есікті жауып алып терезе жақтан кетіпті. 01:09
Назым Боржумбаева, куәгер:
Мектеп ашылып, кейбіреулері спорт залда отырды кейбіреулері қорқып. Кейбіреуі мектепке кіруге де қорқып, машинада жүрді.
Жергілікті халық бұған дейін 2009 жылы дәл осындай жағдай болғанын айтады. Ол кезде бір адам қаза тапқан. Бұл жолғы апатты былай болжайды.
«Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары тұрғындар сөзінің жаны бар дейді. Олар да тау көшкінінің басты себебі - су құбырының жер астында жарылуы деп отыр. Сондай-ақ, жер қыртысының саз болуы да топырақтың төмен сырғуына әсер еткен.
Құтқарушылар түнгі 2 жарымнан бастап үйінді астында қалған адамдардың денесі табылғанша 10 сағатқа жуық іздеді. Апаттың салдарын жою үшін 200-ге жуық арнайы маман мен 50 техника жұмылдырылған. Құтқарушылар мәйітті табу, оны лайдан аршу оңай болмағанын айтады.
Біржан Байқұлов, республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:
Бірінші кинолог жұмыс істеу үшін тазалау керек болды. Содан жұмыс қиындау болды. Күрекпен жұмыс атқардық.Үйді былай бұрап жіберген ғой. Аударып жіберген ғой. Лай толық басып қалған. Жеті машинаны шетке алып кеткен.
Апаттың салдарынан қаза тапқан төрт адам бір отбасының мүшесі. Түнде үйде ерлі-зайыпты мен 16 жастағы егіз бала болған. Жасөспірімдер қалалық №48 мектептің 10-шы сыныбында оқыған.
Елена Жангали, қалалық №48 мектеп лицейі директорының орынбасары:
Балалар бірінші сыныптан бастап біздің мектепте оқыды. Екеуі де белсенді, тәрбиелі болатын. Біреуге қол ұшын созып, көмектесуге ұмтылып тұратын. Сергей де, Денис те бізде үнемі оқушылар арасында семинарлар ұйымдастырып тұратын. Болған жағдай бәрімізге өте ауыр тиді.
Қайтыс болғандарды жерлеу рәсімін қала әкімдігі ұйымдастырады. Отбасының үлкен ұлы шетелде оқып жатыр Шаһар басшысы Ерболат Досаев студенттің білім алуына барлық жағдай жасалатынын айтты. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсетілетін де атап өтті. Қазір «Тау самалы» ықшам ауданында көшкін жүру қаупі жоқ дейді, мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
