«МайқайыңАлтын»-да іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«МайқайыңАлтын»-да іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды

05.02.2024

«МайқайыңАлтын» кен байыту комбинаты аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды. Бұл мәліметті Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратты.

Арнайы зерттеуден соң, шыңырау табанында топырақ құрылымы өзгеріп, қопсып тұрғаны анықталған. Ойық қабырғалары да жарылған. Астында бос қуыс көп. Сондықтан опырылылып, сол аумақта жұмыс істеп жатқан адамдарды басып қалуы мүмкін.

Ерлан Қасымов, Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Біздің экскаваторлар қазып жатқан жердің астында қуыстар пайда болып, сол жерде жұмыс жасап жатқан экскаватор жүргізушілері мен құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұр. Сол себепті сол жердегі апатты жою штабының бастығының орынбасары аталған жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау-кен, геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшылар шақыртылып, апат болған аумақ тұтастай қайта тексерілетін болды. Содан кейін барып іздестіру-құтқару жұмыстарын қайта жалғастыру немесе толық тоқтату туралы қорытынды шығарылмақ.


Хабарламаларға жазылу