Жамбыл облысында жолда кептелген көлік саны мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жолда кептелген көлік саны мыңнан асты

02.02.2024

Жамбылда боранның басылмауына байланысты кептелген көлік саны мыңнан асты. Әсіресе Жамбыл және Жуалы аудандарының шекарасында қаңтарылған көліктің қарасы көп.

Айша бибі ауылының маңында 700-ден астам көлік иесі жолдың ашылғанын күтуге мәжбүр. Тізбекте тұрғандардың тең жартысы жүк көлігі. Ал Қордай ауданы, Қайнар ауылында 300-ге жуық, Тұрар Рысқұлов ауданында 200 транзиттік техника тоқтап тұр. Сарысу ауданында да барлық бағытта жолдар жабық. Жолда қалып қойған жүргізушілерді полиция қызметкерлері өз көліктерімен тасып жүр. Қазір ауылдардың кіреберіс көшелеріне блок бекеттер қойылған. Сақшылардың саны әсіресе Шымкент пен Тараз ортасында екі есеге артты.

Жандарбек Құламанов, патрульдік полиция батальонының командир орынбасары:

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты патрульдік полиция батальоны күшейтілген режимге ауыстырылды. Полиция қызметі батальонымен және Жуалы, Жамбыл ауданы полиция қызметкерлерімен 50 қызметкер осы жолды жабу мәселесіне жұмылдырылған.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының ұзындығы 1200 шақырымға созылған. Оның 200 шақырымы бұрқасынға байланысты жабық тұр. Ал «Қазавтожол» компаниясы қар тазалауға 100-ге жуық техника жұмылдырған. Жолға жауапты мекеме күніне 600 тонна құм сеуіп жатқанын айтады. Алайда ат құлағы көрінбейтін боранда жолдарды қайта қар басып қалып жатыр.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу