Ленинградты жаудан азат етуде қазақстандықтардың ерлігі ерен. Еліміздің Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Санкт-Петербургке барып, қаланың фашистік блокададан толық азат етілуінің 80 жылдығына арналған еске алу шараларына қатысты.
Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген қазақ жауынгерлері соғыста ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Ленинградты жаудан азат ету жолындағы шайқасқа қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысты. Олардың ішінде 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиялары бар. Әйгілі Киров крейсерінің экипажында қазақстандық 156 адам болды. Жерлестеріміз Ленинград облысындағы партизан отрядтарында ерлікпен шайқасты.
Осы бір аласапыран күндерде қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өрендерім» жырын жазып, ержүрек жауынгерлерге дем берді. Ақын жыры осылайша ерліктің әнұранына айналды. Ресейде бүгінгі күні өлең сөзінің патшасына құрмет ерекше. Санкт-Петерубрг қаласының дәл орталығында ақынға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етілді.
Евгений Кассюра, Санкт-Петербург қалалық сыртқы байланыстар комитеті төрағасының орынбасары:
Қазақтың ұлы ақыны Екінші дүниежүзілік соғыста Ленинград тұрғындарына отты жырларымен күш берді. Оны ешкім ұмытпайды. Біз әрқашан ескерткіштің алдына келіп, тағзым етеміз, дәстүрлі түрде Жамбыл Жабаевқа арналған іс-шаралар легі өтіп тұрады.
Анастасия Андросова, оқушы:
Жамбыл Жабаев қазақтың әйгілі ақыны. Оның «Ленинградтық өрендерім» өлеңі жеңіске бір табан жақындауға септігін тигізді. Сондықтан, біз, өскелең ұрпақ қазақтың ақынын құрметтеп, есімін ұлықтауымыз қажет.
Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіш бар. Екінші дүниежүзілік соғыста сұр мергендігімен талай жаудың көзін жойып, майданда қаза тапқан батыр қыздың ерлігі ұмытылмақ емес.
Қазақстандық делегация Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапқан Псков облысы, Новосокольники ауданына да ат басын бұрды. Елші Дәурен Абаев пен Псков облысының губернаторы Монаков қорымындағы Мәңгілік алауға және Әскери даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды. Мұнда 2,5 мың жауынгер жерленген, оның 730-ы қазақстандық.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
Ең біздің басты мақсатымыз-қазақстандықтардың ҰОС жеңісіне қосқан үлесі туралы біз айтып кеттік. Мысалы Псков облысында бізде Қазақстаннан 2 батыр болған қызымыз жатыр. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметова. Ресей Федерациясында біздің жауынгерлердің ерлігін ұмытпағандығы. Әлі күнге дейін құрметпен қарайды.
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен қаланы азат ету кезінде қаза тапқан полковник Әбілқайыр Баймулдиннің рухына тағзым етілді. Қазақ халқының қаһарман перзенттері сұрапыл соғыстың кескілескен шайқасында жан алысып, жан берісті. Сондықтан олардың ерлігі- тарихта алтын әріппен жазылды.
Индира Бегайдар