Сол зілзала болған 23-іне қараған түні алматылықтар ғана емес, Алматыда туған-туысқаны, баласы, жақыны тұратын, жалпы, ақпарды естіген кез-келген азамат біразға дейін ұйықтай алмады-ау. Кәдімгідей теңселген қала тұрғындары не істерін білмей қалды. Мемлекет Басшысының Алматыға алдын-ала жоспарланған сапарында ауыз су, жол қатынасы, жалпы еліміздің ең үлкен қаласында проблемалардың қордаланбауы, керісінше, қуатын арттыру сияқты мәселелер талқылануы керек еді. Бұл мәселелер талқыланды. Бірақ басты тақырып зілзала кезіндегі атқарушы биліктің не істегені, дәлі- не істемегені болды. Құзырлы органдар сынақтан өте алмады. Президент Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған хабарлау жүйесі енгізілгенін, берілген есепте бәрі дұрыс екеніне тоқталды. Игерілген қомақты қаржының қайда кеткенін Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп анықтауды тапсырды. Кей ақпаратқа қарасақ, 1,1 млрд теңге.
...Бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады, – деді Мемлекет басшысы. Демек сонша жаттығу өтпеген. Сонымен бірге сейсмикалық аймақта тұратын, соны түйсінуі керек адамдардың қамсыздығына да ишара. «Дабыл шабаданы» не екенін білмейтіндер аз емес-ау.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы сапарын Данияр Қайыртай баяндайды.
Жер сілкінген түні алматылықтар абдырап қалды. Тұрғындар ғана емес, сейсмологтар, төтенше жағдай қызметкерлері мен әкімдік те дер кезінде қауқар таныта алмады. Мегаполиске сапарында Президент сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде жиын өткізгені содан. Бұл тек Алматыға қатысты мәселе емес, ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкіну қаупі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет.
«Апат айтып келмейді».Бұрыннан қалған сөз. Алайда бірден құлақтандыру керек. Сондай дабыл жүйесі Алматыда өткен 3 жылдың ішінде енгізілуі қажет еді. Құжат бойынша ол бар екен. Бөлінген 1 млрд тг де игерілген. Бірақ күні кешегі төтенше жағдайда сол «автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесі» үнсіз қалды. Президент осының себебін 1 ай ішіндеанықтауды тапсырды.Google қызметіне сеніп отырмайтын шығармыз?!
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет.
Қазір елімізде сейсмологиялық бақылау жүргізіп, болжам жасауға арналған 70 станция бар. Бірақ оның алтауы істен шыққан. Ал керегі – 285 сейсмостанция.Мәселен, Қытайда 5 мыңнан астам, Жапонияда 3,5 мыңнан артық осындай станция орнатылған. Ресейдегі қондырғылардың саны 300-ден асады. Ал тәжірибелі сейсмолог Мұхтар Хайдаров бізде бар станциялардың өзі тозып кеткенін айтады.
Мұхтар Хайдаров, Сейсмолог:
Станциялардың түрі өте нашар. Әрине, 1-2 станция бар жаңа. Оны халыққа көрсетеді, комиссияға көрсетеді. Ал негізінде бәрі ескі станциялар. Сосын сейсмостанциядан басқа, бізге өте қажет геофизикалық және гидрогеохимиялық станциялар. Олар да баяғыдан уже шіріп қалған.
Бұрын бірнеше сейсмологиялық ұйымдарда жұмыс істеген Мұхтар Хайдаров Президент тапсырмасынан соң Үкімет пен Парламент сарапшыларды тартып жиналыс өткізуі керек дейді. Әрі болжау ісімен айналысатын арнайы комиссия құруды заңмен бекітуді ұсынады.
Мұхтар Хайдаров, Сейсмолог:
Үкіметке, Смайылов мырзаға айтамын: жиналып экстренное совещание өткізіңдер, экстренный план шығарыңдар. Біздің президент соны күтіп отырған шығар?! Парламент пен Үкімет бастамаса, меніңше, қиын болады, тағы да солай сөзбен қалады.
Үкімет алдағы төрт жылға Сейсмология саласын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеген. Оны іске асыру үшін 81 млрд теңге бөлінбек. Ал мемлекет басшысы осы құжатта сейсмикалық қауіпсіздік қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Қызметіне қатысты сын естіген сала министрі бірнеше ұсыныс әзірлей келіпті.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Жасанды интеллект пайдаланатын цифрлық сейсмология жобаларын әзірлеуді, Сейсмологиялық ақпарат пен геодинамикалық бақылаудың бірыңғай деректер базасын құруды және Сейсмологтар мен инженерлерді даярлаудағы проблемаларды жүйелі түрде шешуді құжатқа қосуды ұсынамыз.
Білікті сейсмологтар мен басқа да қажет мамандарды оқыту мәселесін Президент те көтерген. Ал сарапшының айтуынша, кадр тапшылығынан салаға бөтен мамандық иелері кіріп кеткелі көп болған. Тіпті құзырлы мекемені басқарушылардың да тиісті білімі жоқ дейді.
Мұхтар Хайдаров, Сейсмолог:
Ана институттың ішінде кафедра ашайық деп қанша рет айттым. Ғалымдар дайындайық деп. Енді біздің өзімізді де қуып жіберді ғой. Біздің ресми сейсмологияның авторитеті жоқ. Сосын оларға ештеңе керек жоқ, айлық болса болды, салбырап жүре береді, 30 жыл солай жүр. Қазір аудит жасап тексерсе, 90 пайыз дипломдар мүлдем жақын емес. Сейсмолог түгілі, геолог та жоқ арасында, геофизик жоқ!
Алматы үшін таза ауызсу мәселесі де өзекті. Өткен жазда ғана қаланың Медеу ауданында су тапшылығы болғаны есте. Ол кезде күннің ыстығынан мұздықтар еріп, сел жүрген еді. Соның кесірінен өзен суы лайланып, бірнеше апта бойы сумен қамту ісі іркіліп қалған. Мәселе қайталанбауы үшін шұғыл түрде 3,5 млрд тг бөлініп, 8 ай ішінде екі су резевуары мен сорғы станциясы салынды. Нысанды мемлекет басшысы аралап көрді. «Каптаж», «Бастау» тоғандары мен «Медеу» сүзгі станциясынан келетін су` сыйымдылығы 6 мың текше метр болатын осы резервуарларда жинақталады. Ал тазаланған соң сорғылардың көмегімен төрт ықшамауданның тұрғындарына таратылады.
Валерий Соломко, Құрылыс компаниясының құрылтайшысы:
Біз тұрған жер жобаның жүрегі десек болады. Осы жерден су Каменское плато, Юбилейный, Көлсай мен Мұзтау аудандарына жіберіледі. Сонда 20 мың адамды сумен қамтимыз. Енді осы сияқты тағы 5 резервуар салынады.
Осындай тәсілмен Алматының басқа да аудандарындағы ауызсу тапшылығын жою қолға алынған. Қазір Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарында екі тоған салынып жатыр. Тағы екеуінің жобалау құжаттары әзір тұр. Президент қаланы сумен қамту жұмысы басты міндеттің бірі екенін айтты. Бір жағынан суды ысырап етпеу мәдениетін қалыптастыруды да тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бау-бақшаны суару үшін, көлік жуу үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет.
Табыс тілеймін! Сәтті болсын!
Балаларға арналған футбол орталығына барған президент спорт жейдесіне осындай қолтаңбасын қалдырды. Футбол академиясы 1 мыңға жуық балаға арналған. Алайда қазір 50 жеткіншек жаттығады. Соның бірі 11 жастағы Аңсар. Сүйікті футболшылары сияқты шабуылдаушы болғысы келеді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Аңсар осында жүріп өзі жақсы көретін футболист Криштиану Роналдудың осы финтын үйреніп алған. Ол да бекер емес. FootLab академиясының идеясы – сол португалиялық футболиске тиесілі.
Аңсар Миятбек, Футбол орталығының тәрбиеленушісі:
Менің қатысып жүргеніме 3-4 ай болып қалды. Бұл жерде мен тәртіп, техника, финттар, удар сила үйрендім. Дриблингті жасап үйрене алмай жүргенмін. Сосын осы жерде үйрендім барлығын.
Алексей Шакин, «Footlab» Алматы» бас менеджері:
Мұнда футбол алаңынан бөлек, технологиялық жаттығу құралдары бар. Сол арқылы балалардың нәтижесін бақылап отырамыз. Арнайы португалиялық бағдарлама бойынша жұмыс істейміз.
Мұндай орталық әлемде үшеу ғана.Алматыдағы франшизаға инвесторлар 1,5 млрд тг жұмсаған. Олар басқа қалаларда да осындай орталық салуды жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай футбольный лаборатория Астанада салсақ жақсы болар еді. Дүниежүзінде Лиссабонда бар, Дубайда бар, Алматыда бар.
Тек айлық ақысын кез келген баланың ата-анасы көтере алмайтын сияқты. 65 мың теңге азық-түлігі мен күнкөрісінен артылып жатқан отбасы көп емес. Сондай үйден шыққан спортқа икемді қанша бала көшеде доп теуіп жүр екен?..
Данияр Қайыртай