Майқайыңдағы автобус жатуы ықтимал деген жерден темір құбыр табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майқайыңдағы автобус жатуы ықтимал деген жерден темір құбыр табылды

22.01.2024

Майқайың шұңқырындағы автобус жатуы ықтимал деген жерден темір құбыр табылды. Құтқарушылар қайтадан георадар әкеліп, апат болған аумақты жаңадан сканерлеп шықты. Ал, опырылған ойыққа түсіп кеткен азаматтардың туыстарының үмітінен гөрі күдігі басым. Тақырыпты аймақтағы меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Бүгін опырылған шахта аумағына іздестіріліп жатқан қос азаматтың туыстары әдеттегіден ерте келді. Себебі, автобус сұлбасы сканерленді деген жерден ұзындығы екі кез құбыр шыққан. Жар жағалап жылап жүрген автобуста болған құтқарушы Айдос Шаймерденнің зайыбы. Бес баламның әкесі жоғалғалы жұмысқа баруды қойдым, -дейді ол.

Нұрсұлу Шаймерден, құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары:

Сканированиялары кез келген металға реакция беріп тұр. Олар нақты автобус қай жерде жатқанын білмей тұр. Түсінесіздер ме, бүгін 19-шы күн. 19 күн ішінде көп дүниені жасауға болар еді. Осы бір сканерге ғана сеніп отыр былай қарасақ.

Туыстары екі азаматтың тірі екендігінен үмітті екендіктерін алғашқы күннен-ақ айта бастаған. Біз үшін уақыт жоғалтпау әлі де маңызды, деп отыр.

Аманкелді Тлеубергенов, автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтың бауыры:

Үкімет деңгейінде қарау керек мына жағдайды. Мына жанымызда көршілес мықты-мықты елдер бар ғой. Соларда осы сканирование жасайтын бір құралдар бар шығар. Соны шақырса деп ойлаймыз. Бізге көмек керек. Ағамыз астында, біз жердің үстінде...

Шыңыраудың іші ғана қауіпті емес, сыртқы жиегі де айнала жарылып тұр. Іздеу жұмыстарына басты бөгет сол.

Олег Трещев, облыстық ТЖД Бастығының міндетін атқарушы:

Біздің мамандардың кәсіби біліктілігі жеткілікті. Шетелден көмек шақырудың қажеті жоқ. Өзіміз табамыз. Әрине жағдай өте күрделі. Бұндай оқиға жер бетінде бірінші рет болып отыр. Біз әлемдік тәжірибені саралап көрдік. Еш мемлекетте болмаған екен. Қанша қауіпті болғанымен діттеген мақсатымызға жетеміз.

Мәліметке қарағанда апат себебін анықтап жатқан комиссия алдағы үш күнде жұмысты аяқтамақ.

Қуаныш Ботин, «Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының бас директоры, комиссия мүшесі:

 Комиссия өзінің жұмысын жалғастыруда. Сондықтан да қазір алдын ала бір болжам айту дұрыс емес, деп есептейміз. Сондықтан біз комиссияның ақырғы шешімін күтеміз.

Шыңыраудың табанында екі шағын экскаватор мен 45 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Бүгіннен бастап қазу жұмыстары қатарынан үш жерде жүргізілуде.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу