Римге ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентімен кездесті. Сержо Маттарелла қазақ басшысымен келіссөз жүргізіп, тараптар қазақ-итальян қатынасын дамыту жайын талқылады. Толығырақ Римнен тікелей байланысқа шыққан әріптесім айтсын.
– Кеш жарық, Досжан! Президентті қарсы алу рәсімі қалай өтті?
Досжан Маратұлы, тілші:
Кеш жарық Ләйлә! Десе де, 5 сағаттық уақыт айырмашылығын ескерсек, Римде енді түс ауды. Ал осында Президент ретінде алғаш рет ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты әріптесі құшақ жая қарсы алды. Салтанатты шара екі сағат бұрын Квириналь сарайында, яғни Италия президентінің резиденциясында өтті. Серджо Маттарелла алыстан келген әріптесін сыртқа шығып жеке өзі күтіп алды.
Қызыл кілем төселіп, қарауыл, тіпті атты әскерге дейін сап түзеп, Мемлекет басшысына үлкен құрмет көрсетілді. Кейін оркестр қос елдің әнұранын шырқады. Бұдан соң президенттер бір-бірінің делегация мүшелерімен қол алысып, келіссөз өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Италия президентіне алғыс білдіріп, екі ел арасындағы байланыстың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Серджо Маттарелла да шақыруын қабыл алып келген әріптесіне ілтипат білдіріп, Италия үшін Қазақстанның сенімді серіктес екеніне назар аударды.
Жалпы Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс сан салада жанданған. Сауда көлемі былтыр 15 миллиард долларға таяды. Оның басым бөлігі экспорт. Біз Италияға мұнай, мазут, металл мен астық тасымалдаймыз. Ал дәрі-дәрмек пен опа-далап және түрлі өнеркәсіп бұйымдарын сатып аламыз. Енді тараптар сауда көлемін арттырып қана қоймай, it мен өнеркәсіп өндірісін дамытуда күш біріктірмек.
Марко Беретта, Итальян-Қазақ сауда қауымдастығының президенті:
Қазақстан мен Италия 4 бағыт бойынша серіктестікті дамытуды көздеп отыр. Олар креативті индустрия, цифрландыру, су ресурстарын басқару мен туризм. Сәуірден бастап италиялық туристер Қазақстанға көбірек келе бастайды.
Иә, байланысты арттыра түсетін басым бағыттар белгілі. Енді тараптардың нақты қандай келісімдерге келгені кейін айтылады. Бұл біздің назарда. Ал Мемлекет басшысының сапары жалғасып жатыр. Италия президентімен өткізген келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Джорджа Мелонимен кездеседі деп жоспарланған. Ал одан кейін Қазақстан-Италия инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, ірі бизнес өкілдерін елімізге қаржы құюға шақырмақ. Әзірге осы!