Қостанай облысында Мәжіліс депутаттары бірқатар стратегиялық маңызы бар және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Соның бірі – Рудный қаласының жанындағы Қаратомар су қоймасы. Салынғанына жарты ғасырдан асқан нысанға күрделі жөндеу қажет. Сыйымдылығы 600 млн текше метрге жуық қойма - Тобыл өңірін тіршілік нәрімен қамтып отырған негізгі нысан. Ал осы кеншілер қаласындағы жылыжай кешені жергілікті жұрттың сұранысын 40 пайызға дейін өтейді. Аумағы 2 мың шаршы метрден асады. Кәсіпті әрі қарай дамытып, өндіріс көлемін ұлғайту үшін 300 млн теңге қажет. Бірақ мұндай шағын жылыжайларға мемлекет субсидия бөлмейді. Депутаттар бұл мәселені Парламент қабырғасында көтеретіндерін жеткізді.
Айдарбек Ходжаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Былтыр қызанақ осындай жылыжайларда 200 теңгеден болғанда, біз оны алмай, Өзбекстан, Түркіменстанның арзан қызанағын алдық. Содан шығынға ұшыраған жылыжайларымыз биыл қызанақ еккен жоқ. Енді биыл қызанақты мың теңгеден алып жатырмыз.
Дәуренбек Әбдібек