Қарағанды облысында боранда адасқандар дін аман табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында боранда адасқандар дін аман табылды

11.01.2024

Қарағанды облысында 10 қаңтарда соққан ақтүтек боранда 2 шопан жоғалып кетті. Олар Абай ауданына қарасты Ақбастау ауылының Жәнібек қыстауынан күндіз мал іздеуге шығып кеткен. Алайда үйлеріне қайтып оралмаған. Туыстары хабар беріп, таңғы сағат 16:00-ден бастап іздестірілген. Бүгін таңертең екеуі де дін аман Ақбастау ауылынан табылды. Жалпы кешегі күні боран мен көктайғақ салдарынан жолдар жабылған болатын. Қар құрсауында қалған 76 адам құтқарылып, тағы сапарға шықпақшы болған 240-қа жуық адам дер кезінде эвакуацияланған. Олар жақын маңдағы жылыту пунктеріне жеткізілген.

Ал Атырауда Доссор кентінен Қарабау ауылына жолға шығып, жоғалып кеткен үш азамат аман-есен табылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай олар кеше түскі сағат 11:00-де шыққаннан хабар-ошарсыз кеткен еді. Іздеу-жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылып, төтеншеліктерден 5 бірлік техника мен 18 қызметкер тартылды. Еске салайық, аймақта ауа райы күрт нашарлап, бір күнде 9 адам жоғалып кеткен болатын. Қазір барлығы дін-аман, үйлеріне жеткізілді. Жалпы құбылмалы ауа-райы еліміздің бірқатар өңірінде сақталады. Республика бойынша 7 облыста жолдарға шектеу енгізілді.

Ақтөбе облысында шет ел азаматтары мінген автобус бұзылып, 59 адам жолда қалды. Оларға полицейлер мен Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тез арада жетіп, көмек көрсетті.

Әйтеке би ауданына қарасты Талдысай ауылының маңында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол жиегінде тұрған жолаушылар автобусын байқаған. Қатты аяздың салдарынан көліктің істен шыққаны анықталды. Автобустың үш жүргізушісі Қазақстан азаматы, 59-ы шетел азаматы. Олар Шымкенттен Ресей федерациясының Челябинск қаласына бара жатқан. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағлайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірге жолаушыларды эвакуациялады.


Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу