28 сағат бойы көлікте отырған жолаушы өлім аузынан қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

28 сағат бойы көлікте отырған жолаушы өлім аузынан қалды

26.02.2021

Елімізде бүгін де күн райы бұзылып, бірқатар өңірде жол жабылды. Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды. Жарақат алған алты адам ауруханаға жеткізілді. Ал, Қарағанды облысында ақтүтек боранда жоғалып кеткен әкелі балалы екеу аман-есен табылды. Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданында трактормен жолға шығып, ақтүтек боранда жоғалып кеткен әкелі бала табылды. Олар бағытты бағдарлау мүмкін болмағандықтан , сапарды орта жолдан доғарып, жолай қыстақты паналаған. Жалпы автожолдардан 79 адам құтқарылды. Оның 7-еуі бала.
Ал, Қостанай облысының тұрғыны қақаған аязда 28 сағат бойы көлік ішінде отырып, өлім аузынан қалды. Федор Попов 23 ақпан күні Ақтөбе қаласынан Қостанайға жолға шыққан. Алайда Денисов кентіне 25 шақырым қалған көлігі сөніп, мидай далада қалған. Құтқарушылар тек 25 ақпан күні оны іздеп тауып ауруханаға жеткізді. Жолаушының аяқ қолы үскен.

Павлодар облысының Екібастұз бен Шідерті кенті аумағында 29 көлік қар құрсауынан шығарылды. Омбы қарға батқандардың дені жеңіл көліктер. 30-ға тарта адам түн ішінде темір жол вокзалына жеткізіліп, сол жерде түнеп шықты. Қарды аршу үшін құтқарушылармен бірге патрульдік полиция қызметкерлері де қолдарына күрек алды. Соның арқасында Астанадан бет алған тұтас колонна Екібастұзға аман жетті.
Атырау облысында ақтүтек боранда адасып қалған 75 адам аман-есен табылды. Олардың басым бөлігі қолайсыз ауа райында жоқ іздеп шыққан малшылар. Сондай-ақ, бұрқасында үйрімен ығып кеткен жылқылар да құтқарылды. Ал, қар құрсауынан 21 техника шығарылды
Қожахмет Серікбаев, шаруа:
Ескертулерге қарамастан далаға мал іздеп шығып кеткенмін. Содан автокөлігім бұзылып, 45 км жерде далада тұрып қалдым. Мың да бір рахмет.
Жандос Темірғали, тілші:
Бүгін өңірдегі Қызылқоға ауданындағы 18 мектепте сабақ доғарылды. Оқушылар онлайн оқуға көшті. Кейбір ауылдарда да балалар, қолайсыз ауа райының кесірінен мектепке қатынай алмай жатыр. Сондай-ақ, бүгін Ақтөбе бағытына қатынайтын Сағыз-Жамансор-Мақат автокөлік жолы жабылды.
Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу