Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл

10.01.2024

Бүгін «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт бұрын дәл осы күні – 1934 жылдың 10-шы қаңтарында баба басылымның алғашқы саны жарық көрген еді. Маңдайшасында «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұраны болған. Сол қағидадан таймай, гезет ұлт мәдениеті мен әдебиетінің, бастысы тілдің қорғаны мен қолдаушысы болып келеді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің шежіресінде шығармашылықтың шыңына шыққан тау тұлғалардың ізі бар. Бұл талай қаламгердің ұстаханасына айналған басылым. Тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов. Ал әдебиет әлеміндегі үш бәйтерек Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтер де тап осы гезеттің ақылдастар алқасында болды. Сол 1934 жылдан бері газет елмен бірге жасап келеді.

Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

Өзінің енді 90 жылдық тарихы бұл қазақ әдебиеті газетінің ғана тарихы емес, бұл халықтың тарихы,шежіресі. Әдебиетіне, мәдениетіне қатысты бүкіл шежіре осы қазақ әдебиетінен табылады деп ойлаймын.

Бұл гезіттің бет-беделі таралыммен таразыланбайды. Себебі, алған бағыты мен міндеті дара. Әдебиет пен мәдениеттің жауһарын теріп, құндылықтың қазығы мен тілдің тазалығын сақтап отырған іргелі басылым. Бірақ, заманға сай жаңашылдықтың да лебі бар. Қазір газет аптасына бір рет шығады. Аға буынның ғана емес, жастардың да тырнақ алды туындылары жарық көріп жүр. Ол үшін «Жас тұлпар» деп аталатын қосымша бар. «Қазақ әдебиетімен» бірге қаламын қару еткен талай алпамыстар өсіп келеді.

Алпамыс Файзолла, ақын, аудармашы:

Қаламгер аға-әпкелерімізден сенің жазғаныңды, дүниелеріңді қазақ әдебиетінен оқыдым деген сияқты пікірлер естіп жатамыз. Мерейіміз өсіп қалады кәдімгідей. Яғн, бұл қаламгерлер үшін өнерін паш ететін сахна.

ХХІ ғасыр – өзгеріс ғасыры. Технология тез дамып, сан сала бойынша дәстүрлі үрдістің іргесі үгітіліп барады. Бірақ, зердесі зерек, шын оқырманның газетке деген ықыласы өзгермек емес.

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының директоры:

Мың жерден әлем жаһанданып кетсе де, мың жерден қазақ өркениетке қол жеткізіп кетсе де бәрібір қазақ әдебиеті өзінің биігінде қалады. Бүгінгі таңда таралымы , тиражы аз болуы мүмкін.Бірақ, біз бәрібір қағазға, тасқа басқан нәрсені оқитын болсақ қазақ әдебиеті сол биігінде қала береді.

Қорыта айтқанда, ғасырға жуық уақыт қазақтың талай ақын-жазуларының әдеби сахнасы болып келген басылымның алар асуы әлі де алда. Себебі, қазақтың тілі мен әдебиеті бар да, «Қазақ әдебиеті» газетінің де болуы заңдылық.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу