Жыл басынан бері 1700 адам қызылша жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері 1700 адам қызылша жұқтырған

09.01.2024

Елімізде қызылша дендеп барады. Тіпті жыл басынан бері 1700-ден астам адам індетті жұқтырып үлгерген. Сондықтан ушыққан эпидахуал мәселесі бүгін үкіметте қаралып, премьер-министр қызылшаға қарсы вакцина егу жұмыстары баяу өңірлерді сынға алды. Өйткені Үкімет резервінен қыруар қаржы бөлініп, миллионнан астам қосымша доза сатып алынғанымен, егу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Тілші тарқатсын.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елде коронавирус, ротавирус және ішек инфекциясы секілді ауруды жұқтырғандар азайып келеді. Ал сібір ойық жарасы, көкжөтел мен қызылша жұқтырғандар керісінше артып барады. Әсіресе қызылша бой берер емес. Тіпті небары бір аптада 1700 адам індет жұқтырып, 10 жылда болмаған антирекорд жаңарды. Ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмағандар мен 14 жасқа дейінгі балалар.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Соңғы 15 жылдың ішінде республикада 3 рет қызылша ауруының өсуі тіркелді. Бұл 2005, 2015, 2019 жылдары. Аурудың кезекті өсуі 2023 жылы басталды. 2023 жылдың соңында елде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді. Сырқаттанғандардың 84 пайызы вакцина алмаған балалардың есебінен болды.

Вирусты ауыздықтап, жағдайды реттеу үшін бірнеше ай бұрын Үкімет резервінен 3 миллиард теңге бөлініп, қосымша бір жарым миллион доза вакцина сатып алынған еді. Алайда екпе егу жұмыстары көңіл көншітпейді. Вакцинадан бас тартатындар әсіресе Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында көп. Премьердің сынына ұшыраған аймақтарда түсіндіру жұмыстары жөнді жүрмеген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Өкінішке орай, ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес. Мұның соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы ол екпе салу.

Мұны екпеден бас тартып отырғандар жете түсінуі керек, - деді Үкімет басшысы. Сондықтан жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандырып, вакцинаны қысқа мерзімде егуді тапсырды. Әсіресе шалғай елді мекендер назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан бұл мәселені әкімдер қатаң бақылауында ұстауы қажеттігін ескертті.

Досжан Маратұлы, тілші:

Еліміздің ақ халатылары қызылшамен күресіп жатқанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың қайта өршіп бара жатқанын хабарлап, дабыл қағып жатыр. Десе де, Ажар Ғиният елдегі жағдайдың тұрақты екенін, маска тағуға ешкімді мәжбүрлемейтіндерін айтты. Бірақ өкпе және жүрек қан тамырлары аурулары бар егде жастағы адамдарға covid-ке қарсы ревакцинация жасауға кеңес берді.


Хабарламаларға жазылу