Шымкентте құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен жол салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен жол салынды

09.01.2024

Шымкентте құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен жол салынды. Бұл мәселені арнамыздың тілшілері бірнеше рет көтеріп, бақылауда ұстаған еді. Ұзындығы 4 шақырым болатын Жолдияр Адырбеков көшесін бұзып, қайта кеңейту жұмыстары 5 жылға созылды. Бастапқыда құрылысты бір жылда аяқтау жоспарланған болатын. Алғашқы мердігердің ісі шала болғандықтан, сот арқылы тоқтаталды. Одан кейінгі мердігер компания топографиялық түсірілімді дұрыс жасалмағандықтан, жер астындағы коммуникациялық желілерді ауыстыру кезінде кедергілерге тап келді. Осының салдарынан бір ғана көшені қайта жөндеу жобасы 2 миллиард 400 мың теңгеге қымбаттап кетті. Бұл қаржыға жолдың ені 15 метрге дейін кеңейтіліп, ирригациялық жүйелер мен коммуникациялық желілер ауыстырылды. Бірнеше жолақты көшенің бойына аяқжол салынды, жарық шам орнатылды. Қазір мегаполисте осы секілді тағы 4 бірдей нысанның құрылысы созбалаңға салынып келеді.

Жани Қамбар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы:

Құрылыстың ұзаққа созылу себептері үш мәселеден тұрады. Біріншісі жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін жер иелерімен сот процестерінің жүруіне байланысты. Екіншісі егжей –тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістердің енгізілуі. Үшіншісі жосықсыз мердігерлермен келісім шарттарды бұзуға байланысты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу