Алматыда балалар жазушылары арасында «Дарабоз» байқауының жеңімпаздары белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда балалар жазушылары арасында «Дарабоз» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

09.06.2016
Алматыда балалар жазушылары арасында «Дарабоз» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Алматыда балалар жазушылары арасында ұйымдастырылған «Дарабоз» 11-ші халықаралық байқауының жеңімпаздары белгілі болды.

Қазылар алқасының таңдауы бойынша байқаудың Гран-при жүлдесі мен 1 млн теңге сыйақысын жазушы Салықбай Әбілдабек жеңіп алды. Бірінші орын және 700 мың теңге Нұрбек Нұржанға бұйырды. Екінші орын алған жазушы Ақылбек Шаяхметке 500 мың теңге табыс етілді. Үшінші орын алған Маркиза Базарбайқызы 300 мың теңгені иеленді.

Сонымен қатар, қазылар алқасы қатысушылардың бірі - жазушы Қастей Баянбайұлын «Балалар әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» деп аталатын арнайы жүлдесімен марапаттады.

Байқаудың жалпы жүлде қоры - 2 750 000 теңге.

«Дарабоз» байқауын біз бұдан 11 жыл бұрын бастап едік. Оны жүзеге асыруға жазушы Шәкен Күмісбаев орасан зор үлес қосты. 11 жыл ішінде байқауға қатысуға 4 500-ға жуық өтінімдер келіп түсіпті. Мен бұл жерде балалар үшін еңбек етіп жатқан қатысушыларымызға шексіз алғысымды білдіремін. Біздің жетістіктеріміз бір жағынан жақсы жазылған кітаптарды оқығанымызға байланысты. Сондықтан, сіздердің еңбектеріңіз өте маңызды еңбектер. Балалар және балалар әдебиеті - бұл еліміздің болашағы», - деді өз сөзінде меценат Бауыржан Оспанов.

Естеріңізге сала кетелік, байқаудың мақсаты -  Қазақстанда  балалар әдебиетін дамыту және оны насихаттау.

Ол биыл кезекті рет 20 сәуірде басталды.

Әрбір қатысушы «Дарабоз» сайтының арнаулы парақшасына 20 мамырға дейін тіркеліп, өз шығармасын жіберді. Байқауға биыл 300-ге жуық қазақ тіліндегі еңбектер қабылданды.

Үздіктерді қазылар алқасы дауыс беру арқылы таңдады.  

Әдеби жұмыстарды саралау барысында автор еңбегінің әдеби-көркемдік ерекшелігі, мазмұны, жазылу стилі және әдепті жазылғандығы қатаң қадағаланды.                           

Айта кетелік, ҚР ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 1 335 мемлекеттік және жеке баспаханалар бар. Бірақ, балалар әдебиетіне арнайы мамандандырылғандары шамалы. Соңғы 11 жыл ішінде елімізде  8 523 көркем шығарма жарық көрсе, солардың ішінде тек 220 шығарма ғана қазақ тіліндегі балалар әдебиетіне арналған.

Хабарламаларға жазылу