2023 қазақ-түрік қатынасы үшін табысты жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 қазақ-түрік қатынасы үшін табысты жыл болды

28.12.2023

Алдағы жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауарайналым 15 миллиард долларға жетпек. Бауырлас елдер 2024 жылға осындай меже қойып отыр. Сарапшылардың айтуынша, ол үшін толық негіз бар. Өйткені, Түркия еліміздің негізгі сауда экономикалық серіктестерінің бірі. Жалпы 2023 жыл қос ел үшін қандай болды? Несімен есте қалды? 

Қазақ-түрік тамырлас, туыс халықтар. Бір-біріне демеу бауырлар. Жыл басында болған зілзала достас елдерді одан сайын жақындата түсті. Мемлекет басшысы апаттан кейін Анкараға арнайы барып, қираған аймақтарда мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды салуға Қазақстан қол ұшын созады деген еді. Қазір бұл нысандардың алды пайдалануға беріле бастады.

Мұстафа Капуджу, Түркия республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Қазақстан халқы мен Үкіметі ақпандағы апаттан кейін көмек көрсеткен алғашқы елдердің бірі. Бұл жақсылығы үшін президентіміз ерекше алғысын айтқан болатын. Мен де ризашылығымды білдіргім келеді.

Бауырлас елдердің басшылары бұдан кейін Астанада бас қосты. Ақордада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитіне Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан президенттері де қатысқан еді. Тіпті саммиттен кейін Режеп Тайып Ердоған, Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоқпен жүретін көлік силап, ілтипат көрсеткен еді. Президенттер екі жақты кездесу де өткізіп, табысты келісімдерге қол қойған.

Мұстафа Капуджу, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Мәселен, Ақтау портына инвестиция салғысы келетін компанияларымыз бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, фармацевтика, яғни дәрі-дәрмек өндірісі салаларында да әріптестік орнатамыз. Сондықтан 2023 жылды табысты жыл деуге болады.

Иә, солай деуге негіз бар. Барлық салада байланыс мығым. Алыс-беріс, барыс-келіс іркілген емес. Түркия еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі.

Былтыр тауарайналым 6 миллиард доллардан асып, 54 пайызға өсті. Биыл 10 миллиарды еңсереміз. Алдағы жылы оны 15 миллиардқа жеткізу көзделген.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті:

Қазір Қазақстан мен Түркия арасында саяси- экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағытта қарым-қатынастар тығыз дамуда. Оның ішінде мысалы экономикалық, инвестициялық қарым-қатынастар соңғы жылдары Түркия Қазақстанның алғашқы он шетелдік инвесторлар арасында өзінің орынын ойып тұрып тапты, бұл әрине үлкен жетістік. Сондықтан біздің қарым-қатынастармыз жалпы мынау әрбір елдің қарым- қатынастарында үлгі ретінде көрсететін ынтамақтастық деп айтуға болады.

Ынтымақтастықты одан ары арттыру үшін Түркия биыл Түркістанда үшінші консулдығын ашты. Ал қазір елімізде түрік капиталы бар 4000 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бірлескен жобаларды іске асырып, сауда көлемін арттыру үшін алдағы жылы Анкарада екі ел Үкіметі экономикалық форум өткізбек ниетте. Сондықтан алдағы жыл бұдан да табысты болады деген болжам бар.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу