Олимпиадаға бара жатып жол апатына ұшыраған балалар облыстық ауруханаға ауыстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиадаға бара жатып жол апатына ұшыраған балалар облыстық ауруханаға ауыстырылды

20.12.2023

Ақтөбе облысында екі оқушы мен мұғалімнің өліміне себепші болған көлік жүргізушісі қамауға алынды. Оның өзі де мектепте ұйымдастырушы-педагог болып жұмыс істегені белгілі болды. Жол апатынан зардап шеккен басқа үш оқушы бүгін облыс орталығына жеткізілді.

Қайғылы оқиға кеше таңғы мезгілде, Ырғыз ауданында болған еді. Жаныс би аулынан шыққан «Тойота-Альфард» көлігінде бес оқушы мен екі педагог болған. Құрылыс елді мекенінің маңында көлік қарсы бетке шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан 15 және 16 жастағы екі оқушы мен 25 жастағы мектеп директорының орынбасары сол жерде жан тапсырды. Олар аудан орталығына пәндік олимпиадаға қатысуға бара жатқан. Жарақат алған 2007-інші және 2008-інші жылы туған қыздар мен 2008-інші жылы туған ер бала Ырғыз ауылына жеткізілді. Олар бастарынан ауыр соққы алған. Денелерінде де әр түрлі жарақаттар бар. Ауданға арнайы барған комиссия мүшелері ата-аналардың өтінішімен оларды Ақтөбе қаласына жеткізуге шешім қабылдады.

Бекболат Ізбасаров, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бұнда толық тексерістен өткізгіміз келеді балаларды. Балалардың психологиялық жағдайын ескере отырып, ата-аналардың өтініштерін ескере отырып, әрі қарай облыстық деңгейде, профилді бөлімшеде жалғастыратын болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу