Ақмола облысында бір жарым айда елуден астам жол апаты болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында бір жарым айда елуден астам жол апаты болды

30.06.2023

Ақмола облысында бір жарым айда елуден астам жол апаты орын алды. Салдарынан жиырмаға жуық адам қаза тапты. Жүзден астам тұрғын жарақат алған. Жантүршігерлік жағдайдың көбі үлкен тас жолдың бойында болған. Мәселен, осы айдың басында жүк машинасы мен жеңіл автокөлік соқтығысып, екі адам көз жұмды. Қалған үшеуі ауруханаға жеткізілген. Әріптесім Ұмсындық Наурызбаева жол апатының неге көбейіп кеткендігін зерттеп көрді.

Бір ажалдан аман қалғандардың бірі -Борис Курган. 34 жасар Щучинск қаласының тұрғыны осыдан бірнеше апта бұрын жол апатына ұшыраған. Аяғы мен омыртқасы алты жерден сынып, миына зақым келген. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізіп, шұғыл операция жасаған.

Борис Курган, жол апатынан зардап шегуші:

Бурабайға бара жатқан жолда жүк машинасы қатты жылдамдықпен келе жатып, көлігімнің артынан соқты. Бәрі бір-ақ сәтте болды. Түк түсінбей қалдым. Бірер күнде дәрігерлер тағы да ота жасаймыз,- деп отыр.

Өңірдегі жол апатының 70 пайызы республикалық маңызы бар тас жолдарда болған. Бұл көбінесе күні-түні тыным таппай адам тасымалдайтын таксистердің салғырттығынан,-дейді тұрғындар.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ақмола облысында жыл басынан бері 200-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 адам қаза тапты. 300-ден астам тұрғын түрлі жарақат алды. Полицейлердің мәліметінше, бұл бірінші кезекте жүргізушілердің жылдамдықты асырып, жол ережесін сақтамауынан болып отыр.

Мәселен, осыдан екі апта бұрын ғана тәртіп сақшылары жылдамдықты 137 рет асырған Көкшетау қаласының 43 жасар тұрғынын ұстаған. Темір тұлпарына ресейлік нөмірді тағып алып, заңнан қаймықпаған жүргізушіге 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Аслан Қызбикенов, облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы:

Қазір жылдамдық өлшегіш мобильді радарларды қайта пайдалану туралы шешім қабылданды. Бұл жол апатын азайтуға сеп болмақ. Жыл басынан бері біз мас күйінде көлік жүргізген 848 жүргізушіні ұстадық.

Қазір Ақмола облысының жолдарында 75 қауіпті жол учаскесі бар. Олардың барлығында арнайы жол белгілері мен ескерту тақталары орнатылған. Полицейлер жол апатын азайту үшін заңды күшейту керек,-дейді.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу