Ақтөбе облысында балалар мінген көлік жол апатына ұшырады. Екі оқушы мен мұғалім қаза тапты. Оқиға бүгін таңертең, Ырғыз ауданында болған. Олар Жаныс би ауылынан аудан орталығында өтетін пәндік олимпиадаға қатысу үшін шыққан. Оқиғаның жай-жапсарын Жақсыбек Кемал баяндайды.
Оныншы және он бірінші сыныпта оқитын бес оқушы мен мұғалім мінген «Тойота-Альпард» көлігі Құрылыс ауылының маңында қарсы бағытқа шығып кетіп, «Volvo» жүк көлігімен соқтығысқан. Үш адам сол жерде қайтыс болды. Жарақат алған үш бала аудандық ауруханада. Қажет болса, облыс орталығына жеткізіледі.
Рүстем Исаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Үш баланың жағдайы орташа ауырлықта. Қазіргі таңда жарақат алған балалар бойынша облыстық санитарлық авияция мамандарымен телемедицина өткізіліп, келесі емдеу-бақылау тактикасын шешетін боламыз».
Ал жүргізушіге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Жарақаты ауыр емес. Полицейлердің айтуынша, ол қамалуы тиіс. Оқиғаға қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балалар мінген көлік полицейлердің қадағалауымен жүру үшін алдын ала тапсырыс бермеген. Ал, ауылдың басқа оқушылары учаскелік инспекторға ілесіп аман-есен барған. Енді кінәлілер анықталып, тиісті жазасын алады.
Бұлбұл Елеусінова, Облыс әкімінің орынбасары:
«Әрине, ұйымдастырушылар тарапынан бұл жерде кемшіліктер кетіп отыр. Жалпы, балаларды олимпиадаға немесе қандай да бір шығармашылық сайыстарға қатыстыру үшін арнайы автобустар қаралмаған».
Дәл осындай оқиға облыста бір жыл бұрын да болған еді. Ол кезде Темір ауданынан Ақтөбе қаласына бет алған «Тайота Естима» көлігі аударылды. Салдарынан волейбол жарысына бара жатқан 8 оқушы мен жаттықтырушы зардап шегіп, бір оқушы оқиға орнында қаза тапқан еді.
Жақсыбек Кемал