Соңғы аптада жол апаты жиілеп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы аптада жол апаты жиілеп кеткен

08.12.2019

Атырау облысындағы жол апатына қатысты қылмыстық із қозғалды. Жұма кешкісін Индер – Атырау тасжолында оқушылар мінген автокөлік апатқа ұшырады.

5 оқушыны Индербор кентінде пәндік олимпиададан алып, қайтып бара жатқан Lada маркалі көлік Opel Vectra-мен соқтығысқан. Opel көлігін тізгіндеген 32 жастағы азамат опат болды. Қақтығыстан зардап шеккен 9 адам қазір аудандық ауруханада. Олардың арасында 5 оқушы да бар.

Ал Қызылорда облысында болған апатқа қатысты сараптама әлі жүріп жатыр. Апта басында Құмкөл кенішінен шыққан автобус аударылып, 8 адам қаза тапқан. 36 адам зардап шекті. Алтауы әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

«Саутс Ойл» компаниясының жұмысшылары Құмкөл кенішінде кезекті вахталық жұмысын аяқтап, Шымкентке бет алған. Түнде жауған жаңбыр аралас қардың соңы көктайғаққа ұласып, жалтыраған жолда автобус тайып, сонша адам опат болды... Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, тас жолдарға «Қазавтожол» компаниясы жауапты, бірақ бұған дейін министрлік ауа райына қатысты ескерту жасаған.

Соңғы бір аптада Қызылордада болған бұл үшінші көлік апаты. Бірнеше күн бұрын Тәжікстан азаматтары мінген автобус Арал ауданында көлікпен соқтығысып, 5 адам ауыр жарақат алған еді...


Хабарламаларға жазылу