Апта басында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ астанасы Вашингтонға сапар шекті. Әріптесі Джо Байденмен кездесті. Мақсаты – Ресеймен арадағы қарулы қақтығыста АҚШ-тың 61 миллиард доллардан астам кезекті қаржылай көмегіне қол жеткізу. Бұл – Зеленскийдің қарулы қақтығыс басталғалы АҚШ-қа шеккен үшінші сапары. Кездесуде Ақ үй басшысы Украинаға 200 млн доллар қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді. Ал жоғарыда аталған миллиардтаған долларды беруге Конгресстің келісімін ала алмай отыр. Республикалық сенаторлар Украинаға мұнша қаражатты бөлмес бұрын, АҚШ-тың шекарасында ушыққан миграция мәселесін шешіп алған дұрыс деп есептейді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
Біз Украинаны қолдан келгенше маңызды қару-жарақ және техникамен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. 200 млн долларды қоса алғанда, аса қажетті құрал-жабдықтар, қосымша әуе қорғанысы құралдары, артиллерия мен оқ-дәрі беруді бекіттім. Бірақ қосымша қаржыландырусыз біз Украинаның соғыстағы шұғыл қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігінен айырыламыз.
Иә, Зеленский үшін АҚШ-тағы кездесу нәтижелі бола қойған жоқ. Сонымен бірге Еуропалық Одақ та Киевке 50 млрд доллар көмек беру туралы ортақ келісімге келе алмады. Алайда бейсенбіде Еуропалық Одақ Украинаны өз құрамына кіргізуге бағытталған келіссөздерді бастады. 28 ел мүше экономикалық және саяси бірлестіктің мүшесі атануы үшін Киевке бірнеше жыл кетуі мүмкін. Дегенмен АҚШ-тың Украина әскеріне қолдауы әлсіреп, Украина армиясының контршабуылдары тұралаған тұста келіссөздердің басталуы үлкен бір серпіліс болғаны анық.
Арай Төлегенқызы