Алматыда да пойыздар бірнеше күннен бері кешігіп келіп, кешігіп кетіп жатыр. Вокзал басшылығы жолаушыларды жатын бөлмелерімен қамтып, күту залдарын арнайы құрылғылардың көмегімен жылытуға мәжбүр. Өйткені мегаполисте қолайсыз ауа райынан көгілдір отынның қысымы азайған. Сондай-ақ мегапоиске келіп-кететін әуе рейcтері де өз уақытынан ауытқыған. Жағдай қашан реттеледі?Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес анықтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ақпараттық электрондық таблода "Шымкент-Алматы", "Маңғыстау-Алматы", "Астана-Алматы" сынды 7 бірдей бағыттағы пойыздардың кешігетіні жазылып тұр. Олар кестеде көрсетілген уақыттан 5-6, тіпті 10 сағатқа ауытқуы ықтимал дейді анықтама бөлімінің қызметкерлері. Бұл ақпаратты естіген жолушылардың ұнжырғасы түсті.
«Қазақстан темір жолы», жағдайға Жамбыл облысындағы қалың қар мен боран себеп деп отыр. Жағдайдың қашан реттелетіні белгісіз. Ал, Алматы вокзалдарында пойызын күтіп отырған жолаушыларды қазір вокзал басшылығы тегін жатын орындармен қамтуға тырысып жатыр.
Ерболат Бекдайыров, Алматы-2 теміржол вокзалының бастығы:
Балалы аналарға бөлме беріліп жатыр. Мүгедек кісілерге көмек беріліп жатыр. Олардың да бөлмелері бар. Жалпы, вокзалда температуралық режим сақталуда. Ең төменгі температурамыз 19 градус. Кеше түнде қатты суық болғандықтан «пушка» дейді ғой, үрлейтін сондайды қосып қойдық.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы әуежайында да қолайсыздықтар туындаған. Астана, Атырау, Ақтөбе және Ақтау сондай-ақ Мәскеу бағытындағы рейстер кешігіп жатыр. Жағдайдың реттелуі жолдардың қардан тазартылуы мен Күннің жылынуына байланысты деп отыр. Дегенмен бүгін Алматыда күн едәуір жылынды.