Биыл Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік алғалы болмаған жетістікке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік алғалы болмаған жетістікке жетті

13.12.2023

Биыл Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік алғалы болмаған жетістікке жетті. Олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем біріншіліктерінде атлеттеріміз 22 жүлде жеңіп алды. Оның жетеуі - алтын, бесеуі күміс, оны - қола медаль. Ал Азия ойындарында 80 жүлде бұйырды. Жалпы 2023 жылы сенсация жасағандар көп. Ұлттық құрама футболшыларының Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі ойындарының жөні бөлек. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Президент отандық футболдың басты жанкүйері. Оның келешегі жарқын екеніне сенімді. Оған дәлел футолшылардың биылғы жетістігі. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алу жолында небір азулы қарсыластармен кездесті. Сенсация жасап Дания мен Финляндияны жеңді. Ал, шешуші ойында Словения командасына есе жіберді. Десе де, Еуропадан әлі де үміттіміз. Футболшыларымыздың Ұлттар лигасы арқылы шығуына мүмкіндігі бар. Келесі ойын келер жылы наурызда Грекиямен болады. Тағы бір ерекеше атап өтетін жәйт, Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына кіргізген добы Еуро-24 іріктеу турниріндегі «ең үздік гол» атанды.

Биыл боксшылар әлем біріншілігінде толағай табысқа кенелді. Өзбекстандағы додада төрт жерлесіміз чемпион болса, бір былғары қолғап шеберіне күміс жүлде бұйырды. Ал, еркін күрес шебері – Ризабек Айтмұқан небәрі 19 жасында Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Бұл алтын медальді ел 32 жыл күтті.

Мөлдір Жаңбырбай Қазақстан каратэшілері тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ересектер арасында бізден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Жалпы, каратэшілердің де жеткен жетістігі аз емес. Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынаған споршыларымыздың бәрі жүлдегер қатарынан көрінді. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы мұның бәрі – ауызбіршіліктің нәтижесі дейді.

ТАРЕК АБДЕССЕЛЕМ, КАРАТЕДЕН WKF ТҮРІ БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ?

Командадағы қыз-жігіттерге дұрыс жол көрсету менің басты міндетім. Олардың ешқайсысын бөліп жармаймын. Негізгі алған бағыты бойынша әдіс-тәсілдерін үйретемін. Кемшін тұстарын толықтырамын. Спортшылар қара басын ғана емес, командаластарын да ойлайды. Әрқайсысын отбасы мүшелеріндей қабылдайды. Жетістікке жетудің бар құпиясы – ауызбіршілік.

Мергендеріміз де үздіктер тізімін жалғайды. Таппанша, мылтық атудан спортшыларымыз медаль алып қана қоймай, төрт жылдықтың басты бәсекесіне жолдама алды. Қазақстан спортшылары Париж Олимпидасына 17 лицензия жеңіп алған. Жолдама сегіз спорт түріне тиесілі. Бұл бұрынғы лицензия санымен салыстырғанда өте аз.

ДИАС АХМЕТШӘРІП, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Әлі лицензиялық турнир көп. 89 жарысымыз бар. Ол Әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары, рейтингтік турнирлер. 02:30 Біз болжап отырмыз 20 спорт түрінен 100-ге жуық жолдама алуды.

Қысқы маусым да сәтті басталды. Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан Еуропа кубогінде «алтын», әлем кубогында қола алды. Одан бөлек, шорт-трек шеберлері де бірнеше жүлде алып үлгерді.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу