Лондонда шетелдік дипломаттардың әйелдері Қазақстан елшілігіне келіп, ұлы Абай тілін меңгерді. Бай мәдениетімізбен және ұлттық дәстүрлерімізбен танысты.
Бұл - Исландия, Катар, Пәкістан және басқа да мемлекет елшілерінің жұбайлары. Қоры 2,5 миллион сөзден асатын қазақ тілін бір мезетте меңгеру мүмкін емес екендігін олар мойындайды. Бірақ алғашқы қадамдарын жасап жатыр.
Сара Наим, Пәкістанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы:
Кейбір қазақ сөздерін үйрендім. Сәлемдесуден бөлек, мұғалімнен қазақтың ұлттық тағамдары қалай аталатынын білдім.
Мұғалімнің есімі - Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы 11-де. Ата-анасының қызмет бабымен Лондонда уақытша тұрып жатыр. «Balapan» телеарнасында балаларға ағылшын тілін меңгеруге көмектессе, бүгін шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп жатыр.
Шара барысында нәзік жандыларға қазақ әйелдерінің отбасындағы және қоғамдағы рөлі туралы да ақпарат берілді.
Ақмарал Айдарбекова, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы:
Қазақ әйелінің бейнесі өз ошағының берекесін келтіріп, балаларын тәрбиелеумен қатар қоғамына пайда әкелетін тұлға ретінде көрінеді. Біз сол туралы айтқымыз келді.
Бұл күні келін образындағы елшілік қызметкері шәйді қалай демдеуден бастап, қандай көлемде құю керектігіне дейін түсіндірді. Дастархандағы құрт, ірімшік, жентті бұрын-соңды жеп көрмеген қонақтар дән риза болды.
Марина Бекенова