Каспий маңы елдері ынтымақтастықты арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий маңы елдері ынтымақтастықты арттырмақ

06.12.2023

Каспий теңізіне қатысты мәселелерді шешіп, ынтымақтастықты арттыру үшін Каспий кеңесі құрылуы мүмкін. Бұл туралы Каспий маңындағы бес ел сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Қатысушылар бүгінгі күні өзекті мәселелерді шешу үшін диалогтың жаңа форматын бастау маңыздылығына да тоқталды.

Каспий маңы елдерінің алдында экологиялық қауіпсіздік, теңіздің таяздануы және оның биологиялық ресурстарын сақтау саласында күрделі міндеттер тұр. Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның күшіне енуін қамтамасыз ететін міндеттің маңыздылығын атап өтті.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы Істер министрі:

Каспийдегі әскери қызмет саласындағы сенім шаралары туралы келісім бойынша мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындау кешіктірілуде. Қазақстан теңіздегі қару-жарақты бақылау тетіктерін құру қажеттілігін алға тартады. Бұл олардың тепе-теңдігін және келісілген тараптарды сандық және сапалық шектермен қамтамасыз етеді.

Қазақстанда 2023 жылдың соңына дейін Каспий теңізін зерттеу институты ашылмақ. Сонымен қатар, Каспий итбалықтары үшін Резерват 2024 жылдың соңына дейін құрылады. Қазақстан өзінің көлік инфрақұрылымын, оның ішінде Ақтау және Құрық порттарын жетілдіруді жалғастыруда. Жалпы Каспий теңізі аймағының даму әлеуеті зор.

Рашид Мередов, Түрікменстан республикасының сыртқы істер министрі:

Каспий теңізінде энергетикалық инфрақұрылым құруды жеделдететін рәсімдерді аяқтау үшін күш салу маңызды деп санаймыз. Өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті.

Каспий маңы елдерінің арасында алыс-беріс те артқан. Осы жылдың сегіз айында сауда айналымы 18 млн доллардан асып отыр. Барлық салада әріптестікті дамыту маңызды. Мұрат Нұртілеу Иранның сыртқы істер министрімен кездесіп, ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу