Антарктидаға жақын жерде орналасқан әлемдегі ең үлкен A23a айсбергі 30 жылда алғаш рет қозғалды. Мамандар дабыл қағатындай жағдай деп отыр. Бұл айсбергтің жалпы аумағы 1500 шаршы миль. Ал салмағы триллион тоннаға жуық. Ғалымдар қарашаның соңында мұздың қозғала бастағанын байқапты. Ол «Айсберг аллеясы» деп аталатын жолмен Оңтүстік мұхитқа баруы мүмкін деген болжам бар.
Мамандар ғаламдық жылыну жыл сайын 1,5 градус деңгейінде алға жылжып жатқанын айтып әлек. Егер осы қарқынмен кете берсе, 50 жылда мұздықтар еріп, жер шарының орташа температурасы 10-15 градусқа төмендеуі ықтимал.
АҚШ ғалымдарының айтуынша, Жер шары температурасының көтерілуінен адамдардың көпшілігі ұйқысыздықтан зардап шегіп, ағаштар климаттың өзгеруіне бейімделе алмай жойылып кетеді. Боран, дауыл, құйын, су тасқыны секілді апаттар жиілей түседі.
«Ғалымдар мұхиттың ысуы мен теңіздегі мұздың азаюына қатты алаңдап отыр. Өйткені мұхиттар көмірқышқыл газдың ауаға таралатын жылуының 90 процентін өзіне сіңіреді. Солтүстік Атлантикада су тым ыстық. Біздің болжамымыздан едәуір жоғары. Бұл экологиялық жүйеге, балық шаруашылығына және ауа райына әсер етеді» - дейді Майкл Спэрроу.
Өндірісті күшейтіп, тұрмысты жақсарту үшін технологияны дамытуға жанталасқан адамзат планетаның потенциалын шексіз көретін сияқты. Барын сарқып жатыр. Сондықтан Нобель сыйлығының лауреаты Уильям Нордхаус экономикалық жетістікті экология таразысы арқылы өлшеуді ұсынып отыр.
Мәселен, Қазақстанда экономикадағы өсімді жан басына шаққандағы жалпы өніммен есептеледі. Дәлірек айтқанда, өндірілген тауар және көрсетілген қызмет көлемін халық санына бөліне салады. Ал Нордхаус бұл есептің дұрыс емес екенін айтады. Яғни, экологияға зиян келтірмеген экономика табысын ғана нағыз таза кіріс деп санайды.
Жаһандық жылынуды алыс болашақта болатын құбылыс сияқты қабылдап келген едік. Соңғы жылдары оңтүстікте қуаңшылық белең алып, су тапшылығын сезіне бастадық. Қарашада омбы қар басып жататын елордаға биыл қыс күнтізбе бойынша түсіп, қырау енді қата бастады.
Қазақстан климаты қандай өзгеріске ұшырап жатыр? Ауа температурасы соңғы жылдары қанша градусқа жылыған? Серік Жұмабек зерттеп көрді.
Адамзат алып мұздықтардан айырылып, климаттық дағдарысқа тап болу алдында тұр. Өйткені Жер планетасының атмосфералық тепе-теңдігін сақтап тұрған Гренландия және Антарктика ғасыр соңына дейін толығымен еріп, Арктикада бар-жоғы 520 мың шаршы шақырым ғана мұз қалуы мүмкін дейді ғалымдар.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
Қазірдің өзінде климат өзгеріп жатыр. Бұл тек бастауы ғана. Ғаламдық жылыну дәуірі аяқталып, ғаламдық қайнау дәуірі басталды. Бүкіл ел осыған дайындалып, өз халықын аптаптан, жойқын су тасқындары мен дауылдан, қуаңшылық пен өрттерден қорғауы керек.
Адай Секенұлы, география ғылымдарының докторы, профессор:
Климат өзгерісінің салдарынан экватор мен оңтүстік, солтүстік полярдың температурасының айырмашылығы азайып бара жатыр. Демек келешекте осы процесс бойынша жүре беретін болса, солтүстік аймақтардың ауа температурасы жылынып, оңтүстүстік аймақта қайтадан суық ауа температурасы пайда болады деген сөз.
Көмірқышқыл, метан және басқа да парниктік газдардың көп мөлшерде ауаға таралуы жаһанды жылытып жатқан көрінеді. БҰҰ Қазақстан зиянды қалдықтардың 80 пайызын ауаға шығарып отыр деп мәлімдеса, АҚШ ғалымдары егер Қазақстан көмірқышқыл газдардың ауаға тарауын азайтпаса, 2100 жылға қарай елде ауа температурасы 5.2 °C артуы мүмкін деп болжайды.
Лаура Мәлікова, экологтар қауымдастығының төрайымы:
Ауаға шығатын көмірқышқыл газының көлемі күрт өсе бастады. Оны әлемдегі гидрамиттердің станциялары да дәлелдеп отыр. Орталық Азиядағы гидрамиттердің ресми дерегіне қарайтын болсақ, Қазақстанның өзінде қысқы уақытта температура 4 градусқа өскен. Ал жалпы жылдық температураны алатын болсақ 1,1 градусқа өскен.
Өндіріс орындарынан бөлек автокөліктерден шыққан зиянды заттар да ауаны ластап жатыр. 1960 жылдары Кеңес, АҚШ және Жапон ғалымдары ауа екі есе ластанса, климат екі градусқа жылиды деп болжам жасаған. Расыменде, Қазақстанда тіркелген 4,5 млн автокөліктің 60 пайыздан астамы ескі екенін ескерсек, шығын шаш етектен.
Тағы бір маңызды мәселе, ғаламдық жылыну процесі Қазақстанда екі есе жылдам жүреді дейді экологтар.
Адай Секенұлы, география ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақстан Орталық Азиядағы аритты зоналарға жатады. Бізде ауа құрғақ, су мөлшері тапшы. Сондықтан климат өзгерісінің әсеріне ерекше ұшырайды. 80 жылдардан бері қарай жер жүзіндегі температура 0,8 градус өрлесе, Қазақстанда 1,5 градусқа артқан.
Жаһандық жылынудың салдары тұщы су қорына да айтарлықтай әсер етіп отыр. Қазірдің өзінде әлем халқының 70 пайызы ауыз суға зәру. Елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бола тұра су қорының жетіспеушілігі бізде де анық байқалады.
Ерлан Бадашев, тәуелсіз сарапшы:
Жалпы алғанда 90 жылдардың басында Қазақстанда жер үсті суының көлемі 120 км3 болатын. Қазір шамамен 104 км3 дейді. Яғни, 30-40 жылда 20 км3 азайған. 104- тің өзіне де маман есебінде сене бермеймін.
Саят Әлімқұлов, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Оңтүстік аудандарда зерттеулер жүргізгенімізде 10 күннен 30 күнге дейін су тасу мерзімдері алға жылжып кеткен. Қазақстанның бар су ресурсы 100 текше километрдің айналасында. Ол жүздің елуге жуығы шеттен келеді.
Егер ғаламдық жылыну жалғаса берсе, алдағы уақытта су шаруашылығы үлкен геосаяси тартыс алаңына айналуы ықтимал. Яғни, «бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады» деген қағида қалыптасуы мүмкін.
Әсем Нұрлан, Су шаруашылығы комитетінің бас сарапшысы:
Жаһандық климтаттың өзгеруі су ресурстарына да қатты әсер етуде. Негізгі трансшекаралық өзендер Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық Республиканың төменгі ағысында орналасқандықтан су ресурстары қалыптасатын іргелес елдерге тәуелді. Қызылорда және Түркістан облыстары трансшекаралық ағындарға 90%-дан астам, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары 80%-ға, Жамбыл облысы 75%-дан астам, Алматы облысы- 45%-ға тәуелді. Соңғы жылдары елдің оңтүстік аймақтарында су аз жылдар кезеңі өтуде.
География және су қауіпсіздігі институты 2030 жылға қарай елімізде су тапшылығы болады деп болжайды. Бірақ су қорының нақты есебін ешкім білмейді.
Ерлан Бадашев, тәуелсіз сарапшы:
Біздің Қазақстанда судың есебі жоқ. Нақты есебін ешкім білмейді. Оған бір мысал айтайын, суды өлшеу құралдары үлкен өзендерде ғана сақталып қалған. Ал, кезінде Қазақстанның ішіндегі әр бұлаққа дейін есепке алынатын. Сол цифр әлі күнге дейін қалып қойған.
Адай Секенұлы, география ғылымдарының докторы, профессор:
Өзен көлдердің бассейніне соңғы 50 жылда ғылыми негіздік зерттеулер жүргізілмеген. Жағдай болса 5-10 жылда бір период ретінде тексеріс жүргізіп отыру керек. Өкінішке орай бұл әзірге дейін жүргізілген жоқ.
Еліміздегі ең үлкен 8 өзеннің жетеуі трансшекаралық аймақта жатыр. Біздегі ағынды судың 66%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер су тапшылығы болса жерді құрғақшылық басып, қуаңшылық жайлауы мүмкін. Бұл алдымен азық-түлік қауыпсіздігіне қатер төндіреді.
Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
Ауыл шаруашылығы, мал ұстауға, егін егуге де қолайлы деп есептелетін Павлодар облысының өзіде биыл қатты ыстық болғанын бізде байқап отырмыз. Жамбыл облысындағы судың жетіспеушілігінен Үкімет өз тарапынан 3,7 млрд теңге шаруалардың шығынын өтеу үшін бөлінген болатын.
Адай Секенұлы, география ғылымдарының докторы, профессор
Соңғы 50 жылда шөлейттену процесі 60 проценттен асып кетті, бұл өте қорқынышты көрсеткіш. Бұрын батыс аймақтар болатын. Қазір мына Жетісу, Талдықорған өңірінің өзінде шөлейттену жылдам жүріп бара жатыр.
Жаһандық жылынудың салдары бұл ғана емес. Соңғы бір ғасырда жануарлар дүниесінің 25, құстардың 12 пайызы жойылып кеткен. Тіпті, ғалымдар алдағы 50 жылда жануарлардан адамға жұғатын вирустар саны 10 мыңға жетуі мүмкін дейді.
Баян Турдалина, Астана медицина университеті балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценті:
Климаттың жылынуы қазіргі орын алып жатқан жедел респираторлы вирусты инфекциялардың одан да жылдам таралуына себеп болатын қолайлы жағдай деп айтуға болады.
Әлем таза энергия көздеріне көшу арқылы жерді аптап ыстықтан құтқаруға кірісті. Мысалы, Данияда 2030 жылдан бастап, бензин немесе дизельмен жүретін автокөліктерді тіркеуге тыйым салынбақ. Тіпті Үндістан 2033 жылға қарай толық электромобильге көшу мақсатын қойып отыр. Ал біздің жоспар...
Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Қазақстан 363 млн тонна СО2 лақтырып отыр ауаға. Оны азайтудың 3 жолы бар. Бірінші, фильтрлар ою керек. Екінші, ағаш отырғызу керек. Үшінші альтернативті энергия көздеріне көшуіміз керек.
Серік Жұмабек, тілші:
Ағаш егу арқылы жаһандық жылынудың алдын алып, құрғақшылықтан құтылуға болады дейді мамандар. Осыдан тура 3 жыл бұрын Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда республика бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызылатынын айтқан. Бірақ, 3 жылдың қортындысы көңіл көншітпей отыр. Яғни, 400797 га аумақта тек, 655751 түп ағаш қана егіліген. Жоспарды толықтай орындау үшін жылына 400 млн дана отырғызылу керек еді.
Экологтар жаһанды жылынудан құтқару үшін адамзаттың 3 пайызы белсенді болса жеткілікті деп отыр. Әрине, ол қатарда сіз де, біз де бармыз.
Серік Жұмабек
