«Сығанақ ханшайымы» мұражайға табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сығанақ ханшайымы» мұражайға табысталды

30.11.2023

Қызылордада республикалық аналар форумы өтті. Шара аясында жергілікті археологтар Сығанақ қалашығынан табылған ақсүйек әйелдің қайта қалпына келтірілген мүсінін облыстық мұражайға табыстады. Тарихи жәдігер 14-15 ғасырға тиесілі.

«Сығанақ ханшайымы» мұражайға табысталды

2019 жылы археологтар қазба жұмыстары кезінде Сығанақ қалашығынан арулап жерленген әйел мүрдесін тапқан. Қабірден түрлі алтын әшекей бұйымдар, бойтұмар алынған. Міне, сол тарихи жәдігерлерді негізге ала отырып шетелдік және отандық ғалымдар бірлесіп «Сығанақ ханшайымының» бейнесін жасап шығарды.

Әзілхан Тәжекеев, Археолог:

Әйел адамның бас сүйегіне қарап отырып, антропологиялық кейпі, бейнесі қалпына келтірілді. Содан қарап 25 жас шамасындағы әйел адамның түр-әлпетінің, киім үлгісінің қалай болғанын білеміз. Енді бұл бас киім Шыңғыс ұрпақтарының үйленген, тұрмысқа шыққан әйелдерінің киімі.

Сондай-ақ Шірік-Рабаттан табылған сақ жауынгерінің де антропологиялық бет-бейнесі қайта қалпына келтіріліп, қос жәдігер мұражай төрінен орын алды. Өлкенің тарихи құндылықтарын тамашалаған аналар бұдан соң республикалық форумда бас қосты.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс Әкімі:

Бүгінгі форумда республикалық деңгейде түрлі салада табысты қызмет жасап жүрген қыздарымыз, еселі еңбегімен көзге түскен апа-қарындастарымыз, елдік істерде топжарған ер азаматтардың аналары, көпбалалы, алтын құрсақты аналар қатысуда.

Жалпы облыста 48 мың көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 17 мыңға жуығы «Алтын» жән «Күміс» алқа иегерлері. Форум аясында отбасы және ұлттық құндылықтар, бала тәрбиесі, ене мен келін сабақтастығы туралы жан-жақты ой-пікір айтылды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу