Астанаға келіп есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз халқы биылғы қыста жылу мен жарықсыз қалмайды деді. Барлық қазандық пен 70 шақырымнан астам жылу желілері күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстарға 22 миллиард теңге бөлініпті. Бұдан бөлек, өңір әкімі тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны азайып, апатты мектептердің проблемасы біртіндеп шешіліп жатқанын жеткізді.
Биыл Павлодар өңірінде атқарылған жұмыс көп. Бастысы - халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін 14 көпқабатты үй салынған. Бұл кезекті бір жарым мың адамға қысқартты. Келер жылы ауылдық жерлерде 206 пәтерлі 9 үй салу жоспарланған. Асайын Байханов облыстағы бірқатар денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткенін айтты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
Облыстағы 20 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 400 бірлік медициналық техникалар мен жабдықтар сатып алынды. Келер жылы 17 медициналық мекеме жаңартылады. Оған қоса қосымша керек-жарақтарды да сатып аламыз. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында аудандарында 15 мың адамды қамтитын 30 медициналық нысан салу жоспарлануда.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы бойынша екі нысанның құрылысы басталды. Келесі жылы 1200 балаға арналған тағы 3 мектеп салынады.
Инвестиция тарту жағынан республика бойынша 4-ші орын алатын Павлодар облысында биыл 32 жоба іске асып, 1500-ге жуық жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін тағы 20 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.