Екібастұз қаласы жылу маусымына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз қаласы жылу маусымына дайын емес

18.08.2022

Отын энергетика орталығы саналатын Екібастұз тұрғындары үшін биылғы қыс оңай болмайын деп тұр. Себебі, қаланы жылумен қамтамасыз ететін стансаның бу қазандықтарынан бастап жабдықтары түгел тозған. Кезінде кәсіпорынды сенімді басқаруға алған монополист енді нысанды қала иелігіне қайтарып бермек. Екібастұз ғана емес, осы өңірдегі 10 мыңдай халқы бар Майқайын кенті де жылусыз қалуы мүмкін.

Екібастұз жылу стансасында қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ кестеден көп кешігуде. Еңбек демалысынан шығысымен аймақ басшысының бірден стансаға келуі де сондықтан.

Павел Мельничук, «ЕКІБАСТҰЗЖЫЛУЭНЕРГО» ЖШС бас директоры:
Жоспарланған жұмыстардың осы мерзімде 93 пайызы атқарылуы тиіс еді, қазіргі уақытта 75 пайызы ғана орындалды. Қажетті жабдықтарды алып жатырмыз. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін жұмылдыру керек деп талап қойдық.

Кәсіпорын басшылығы жұмыстың кешеуілдеуі қаржы тапшылығынан болып отыр дейді. Тарифті көтеру арқылы тығырықтан шығуға болатын көрінеді. Негізінен орталықтағы жылу желілері әбден тозған. Бірақ компания басшылығы да, акционерлер де жергілікті атқарушы органдарға мәселені шешу үшін нақты жоспар ұсынған жоқ.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Олардың осы ұстанымы ғой мәселені ушықтырып отырған. Жылу маусымына сапалы дайындық немесе стансаны одан әрі дамытудың нышаны көрінбейді. Бірақ тарифті көтеру керек деп мәлімдеп отыр. Біз оны қолдамаймыз. Жылу орталығын коммуналдық меншікке бергеннен де жағдай түзелмейді. Мәселе өте өзекті.

Сондықтан облыс әкімі арнайы комиссия құрып кәсіпорында техникалық аудит жүргізуге пәрмен берді. Екібастұз жылу стансасының бұған дейінгі инвестициялық міндеттемелерін қалай орындағаны да тексеріледі. Қыста қаланың жылу желілерін қатырып тастауға жол берілмейді - деді Әбілқайыр Сқақов. Майқайында да жағдай мәз емес. 10 мың адам тұратын кентті жылумен қамтуға жауапты мекеме сенімді басқару мерзімі аяқталғанын айтып, Баянауыл ауданы әкімшілігіне алдын-ала ескерту хатын жолдаған.

Қуаныш Ботин, «Майқайын алтын» комбинатының бас директоры:
Біздің Майқайыңды жылумен қамту келісім-шартымыз 27 қарашада күшін жояды. Сондықтан әкімшілкке үш ай бұрын ескерту жасадық. Заңды тәртібі солай. Осы кентті жылыту үшін біздің кәсіпорын жылына 200 млн. теңге шығын көріп отыр. Қазір қаржылық қиыншылықтарымыз бар. Сондықтан бас тартып отырмыз.

Екібастұздан айырмашылығы Майқайындағы жылу желілері мен қазандық қысқы маусымға дайын тұр. Тек, ауданның коммуналдық қызметі кентті жылумен қамтамасыз ету міндетін өз мойындарына ала алады ма , мәселе сонда болып тұр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу